Жамбыл облысында 21 тоннадан аса жабайы қарасора өртенді

Жамбыл облысында 21 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жамбыл облысының полиция қызметкерлері есірткі қылмысымен ғана емес, жабайы өсімдіктермен де күресуде. Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен жергілікті атқарушы билік өкілдері учаскелерді ору, шабу, өртеу және улы химикаттарды қолдану арқылы есірткілерді жоюда. Тек бір Байзақ ауданында шабу және өртеу арқылы 18,7 гектар жердегі 20 тонна 456 келі жабайы қарасора жойылды.

Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары-полиция полковнигі Нұржан Рахметуллаевтың хабарлауынша, биыл бес ай ішінде облыс аумағында 224 есірткі қылмысы анықталған. Оның 45-і есірткі өткізу, 34-і есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау, 3-і есірткі құралдарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау дерегі болса, 6-ы есірткі контрабандасы.

Сондай-ақ, заңсыз айналымнан 540 келіге жуық есірткі алынған. Оның ішінде 519 келіге жуығы марихуана, 16 келідейі гашиш, 38 грамы героин, 21 грамы синтетикалық есірткі құралдары.

Айта кетейік, 1 маусымда басталған «Қарасора-2023» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жыл сайын полицейлер құмды аймақтардан жабайы қарасораны әкету арналарын жабу бойынша операциялар жүргізеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: видеодан кадр
Өзгелердің жаңалығы