Жамбыл облысында 19 жылқыны ұрлаған тұрғын 5 жылға сотталды

Жамбыл облысында 10 млн теңгеден асатын сомадағы 19 жылқыны ұрлаған тұрғын 5 жылға сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жамбыл облысы Жамбыл аудандық соты «Бөтеннің малын жасырын жымқыру» (Қылмыстық кодекстің 188-1б. 3б 1т.) бойынша айыпталған Д.-ға қатысты қылмыстық іс қарады.

2023 жылдың мамыр айында Қаракемер ауылында сотталушы Д. «Т.» шаруа қожалығының аумағынан 6 жылқыны заңсыз жымқырып, жәбірленуші А.-ға жалпы құны 3 700 000 теңге материалдық залал келтірген.

Өзінің жазасыздығын түсініп, 2023 жылдың маусым айында тағы да 13 бас жылқыны жымқырып, жәбірленуші П.-ге жалпы құны 6 740 000 теңгеге материалдық залал келтірген. Күдікті жәбірленушілерге барлығы 10 440 000 теңге сомада залал келтірген, - делінген Жамбыл облыстық соты таратқан хабарламада.

Прокурор сотталушы Д.-ға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленушілер келтірілген залалдың толық өтелуіне байланысты сотталушыға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындамауды сұрады.

Д. кінәсін толық мойындады.

Сот үкімімен Д. 5 жылға бас бостандығынан айырылды, ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы