Жамбыл облысында 180 елді мекен интернетке қосылмаған

Жалпы облыста барлығы 371 елді мекеннің 191-і талшықты оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов брифинг беріп, өзі жетекшілік ететін салаларда атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндама жасады.

Облыста бірнеше жылдан бері халқымыздың асар дәстүрі қайта жаңғырып, бұл игі іс облыс көлемінде ауқымды түрде жүзеге асуда. Бүгінде өңірлік «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы тұрғын үй салу, баспанасын күрделі немесе ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары өңірде қарқынды жүргізілуде.

Бұл мақсатта 2020-2022 жылдар аралығында 338 отбасы баспаналы болса, биыл 105 отбасын жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген.

Жұртшылықты көгілдір отынмен қамту бойынша биыл 11,8 миллиард теңгеге 16 жоба аясында қосымша 18 елді мекендегі 19,7 мың адамды табиғи газбен қамту арқылы көгілдір отынның қызығын көріп отырған тұрғындардың үлес салмағын 92 пайызға жеткізу көзделген. Сондай-ақ биыл 46 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша 15 жоба әзірленуде, бұл жобалар 2024 жылға республикалық бюджетке ұсынылмақ, – деді Ерболат Ибрайханов.

Жамбыл облысында биыл жол саласына 24,7 миллиард теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру 8,5 миллиард теңгеге артқан. Оның ішінде елді мекен көшелерінің жөнделуіне аса маңызды көңіл бөлініп отыр. Осы бағытта 2022 жылы 357 шақырым көше жөнделсе, биыл 550 шақырым көше жөнделмек.

Ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету - маңызды. Бұл бойынша жалпы облыста барлығы 371 елді мекеннің 191-і талшықты оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етілген. Қалған 180 елді мекен интернетке қосылмаған. Десе де еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде «2023-2027 жылдары облыстың елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы» бекітілді.

Ерболат Ибрайханов брифинг барысында облыстағы құрылыс, сәулет, энергетика, автомобиль жолдары мен цифрландыру салалары бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында бөлісті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы