Жамбыл облысында 112 адамды алдап, 51 миллион жинап алған ерлі-зайыптылар сотталды
Алаяқтық жолмен қомақты қаражат жинаған жұп енді темір тордың арғы жағында жазасын өтейді.
Жамбыл облысында WhatsApp арқылы арзан ыдыс-аяқ сатып, 112 адамды тақырға отырғызған ерлі-зайыптыларға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Байзақ аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1) 4) тармақтары бойынша өңірдің екі тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады.
Сотталушылар 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз пайда табу мақсатында «WhatsApp» мессенджерінде ыдыс-аяқ және өзге де тұрмыстық тауарларды төмендетілген бағамен сату туралы хабарландырулар жариялаған. Заңды қызметтің көрінісін жасап, сатып алушылардың сеніміне кіру үшін алғашқы клиенттерге тауарларды нақты жеткізген. Кейіннен басқа азаматтардан тапсырыс қабылдап, ақшалай қаражатты алғанымен, тауарларды жеткізу бойынша міндеттемелерін орындамаған, алынған қаражатты өз қалауларынша пайдаланған. Қылмыстық әрекеттер салдарынан 112 адам зардап шегіп, оларға жалпы сомасы 51 288 146 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген, - деп хабарлады Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сот талқылауы барысында сотталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған істеріне өкінетіндерін айтты.
Сот үкімімен күйеуі 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылса, жұбайы 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Жамбыл облысының прокуратурасы азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алу кезінде қырағылық танытуға, бағасы едәуір төмен ұсыныстарға тиісті кепілдіктер мен құжаттарсыз сенбеуге, ал алаяқтық деректері туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады, - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Астанада 380 азаматтан ақша жинаған қаржы пирамидасы әшкере болды.