Жамбыл облысында 11 елді мекен мүлде интернетпен қамтылмаған

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстары 9 бағыттың аясында жүзеге асырылып жатыр.

 Бұл туралы аймақтағы әкімдіктің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабеков айтты. Оларды жеке-жеке атайтын болсақ, өңірлік геоақпараттық жүйе; IQALA жобасы; «Әулиеата жастары» бағдарламасы; «Ата-ана бақылауы» мобильді қосымшасы; Тараз қаласындағы ақылды аялдамалар; аймақтағы елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету; жаңа жұмыс орындарын құру; Jambyl-109 бірыңғай диспетчерлік қызметі; өңірдің жобалық басқару және цифрландыру орталығы.

 Бүгінде орталық мемлекеттік органдардың бағалауынша, өңірлік геоақпараттық жүйенің дайындығы толық деуге негіз бар. Онда e-jambyl.kz домендік атаумен платформа қалыптасып, жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сай барлық базалық гис-қабаттар енгізілді. Яғни, тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160, қызмет бабында пайдалану үшін электрондық кезекші картасына 367 картографиялық дерек әзірленді, - деді спикер.

Ол сонымен қатар, геопорталдың 14 мемлекеттік қызмет көрсететінін мәлімдеді. Мәселен, сәулет және қала құрылысы саласына қатысты – 6 қызмет, жер қатынастары бойынша 8 қызмет автоматтандырылған. Қазіргі уақытта геопорталда жалпы ауданы 10 462 474 гектарды құрайтын 4 463 бос жер учаскесінің базасы қалыптасқан. Оның ішінде суармалы, тәлімді егістік те, шабынды, жайлымдык жер телімдері де бар. Толықтай-дерлік, 4 413 жер учаскесінің сиппатамалары толық қамтылған. Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікке сәйкестігінің сынақтарынан өтуге дайындық аяқталып жатыр.

Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында табиғи монополиялар субъектілері ұсынатын қызметтерді автоматтандыру мүмкіндігін қарастырылуда. Мысалы, геопортал алаңында «Тұрғын үй – коммуналдық сектор» модулін іске асырмақпыз. Оның бірінші кезеңінде, яғни биыл Тараз қаласы бойынша 13 қызмет автоматтандырылады. Нәтижесінде табиғи монополиялар субъектілері қызметкерлерінің жұмыс уақыты оңтайландырылады, халық үшін қолайлы жағдай жасалады және Тараз қаласының табиғи монополиялар субъектілерінің қызмет көрсету саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері кемиді. Сондай-ақ Тараз қаласындағы IT-мамандар үшін екі жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады, - деп түсіндірді Руслан Маскауұлы. 

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет деген тапсырмасын еске салды. Аталған сервис 13 коммуналдық қызмет бойынша белгілі бір уақыт ішінде бір жерде кеңес алуға және өтінім беруге, бірнеше ұйымның бөлімшелеріне бармай-ақ қызметтер көрсетуге өтінім беруге және үйден шықпай-ақ шарт жасасуға, кіріс өтінімдер мен ұсынылған жауаптардың өңделуіне мониторинг және талдау жүргізуге мүмкіндік беретіндігін жеткізді. Осылайша қызметтер көрсету сапасы жақсара түседі. 

Руслан Нокрабековтің сөзінше, бүгінде геопорталда «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасының модулі әзірленіп, жауапты қызметкерлерге геопорталға қолжетімділік қамтамасыз етілген және халыққа арналған нұсқаулық әзірленген. Қазіргі уақытта геопорталды тексеру мақсатында тесттік өтінімдер қабылдау басталған. Бағдарламаның іске қосылуы және облыс тұрғындардан өтінімдерді қабылдау шілде айына жоспарланып отыр.

 Басқарма жобаны іске қосу кезеңінде консультациялық, техникалық қолдау көрсетуге және әзірлеушілермен жұмысты үйлестіруді жүргізуге дайын. Сонымен қатар, осы жобаны іске асыруда басқарма серверлер жұмысының тұрақтылығына жауапты. Сол сияқты, білім беру саласында «Ата-ана бақылауы» қанатқақты жобасын іске қостық. Бұл жобаның аясында мектептерге орнатылған турникеттер арқылы баланың биометриялық параметрлерін пайдалану мүмкіндігі пайда болды. Қоғамдық көлікте қолданылатын ТulparCard картасының көмегімен мектеп асханаларына да төлем жасауға болады, - деді жауапты маман.

Басқарма басшысы балалар мен ата-аналар,ға арналған бұл жобаның мобильдік қосымшасы әзірленгенін де атап өтті. Бұл ата-аналарға баланың автобустан шығып, мектепке кіріп, асханада ақы төлеп, үйіне оралғаны туралы хабарлауға мүмкіндік береді. Әзірленген «Ата-ана бақылауы» ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы баланың ақпараттық деректерін біріктіреді де баланың ата-анасына жібереді. Пилоттық жоба қазіргі таңда Тараз қаласының 10 мектебінде енгізілді. Соңғы деректер бойынша қосымшада 6 246 ата-ана және 4310 оқушы тіркелген.

Спикердің сөзінен белгілі болғандай, Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерге электронды билеттеу жүйесі енгізілді. Бұл қазірдің өзінде барлық қоғамдық көлікке орнатылған. 393 стационарлық, 422 мобильді терминал қолданыста, қызметке жарап тұр. Қалада жыл басынан бері ТulparCard Е-билеттендіру жүйесі бойынша 14 758 863 сапар жасалыпты, бұл барлық сапарлардың 98 %-ын құрайды. Бүгінгі таңда Тараз қаласының аялдамаларында 10 жарықдиодты сандық табло орнатылды. Енді қала тұрғындарының өтінішімен «ақылды аялдамалар» санын көбейту қажет.

Жамбыл облысында барлығы 371 елді мекен бар десек, оның 4-еуі қала санатына жатады. Оның ішінде талшықты оптикалық байланыс желісімен 183 ауылдық аймақ қамтылған. 86-сы 4G жоғары жылдамдықты мобильді интернетке қол жеткізіп үлгерді. 276 елді мекен төмен 3G/2G жылдамдықты интернетті қанағат тұтып отыр. 11 ауылда мүлде интернет жоқ. Оның 2-еуі Шу ауданы болса, 7-еуі Сарысу ауданында, Меркі ауданында – 2, Мойынқұмда 1 ауыл ғаламторсыз күн кешуде, - деді Руслан Маскауұлы. 

Жауапты маман осы жылы облыста 70 елді мекенді мобильді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның ішінде 48-ін «Кселл» АҚ мойнына алса, «Кар-Тел» ЖШС 22 ауылға жүргізеді. «Кар-тел» ЖШС қазірдің өзінде Қордай ауданының 2 елді мекенінде жаңа базалық станса тұрғызып, 3G/4G стандартты мобильді байланысын іске қосқан.

Біз биылғы 11-22 сәуір аралығында арнайы жұмыс тобын құрып, байланыс саласына мониторинг жасадық. Онда Жуалы, Талас, Мойынқұм және Сарысу аудандарына зерделеу жүмыстарын жүргізілді. Өз кезегінде Байланыс инспекциясы Жамбыл облысы бойынша 30 ауылда байланыс қызметтерінің сапасын бақылады. Нәтижесінде «Кселл» АҚ операторының мобильді байланыс сапасының көрсеткіштерін талдау барысында 9 ауылда нормаланған параметрдің бұзылуы тіркелді. Ал «КаР-Тел» ЖШС операторы мобильді байланыс сапасының көрсеткіштерін талдау кезінде 10 елді мекенде нормаланған параметр бұзылғаны анықталды. «Мобайл Телекком-Сервис» Теле2/Алтел ЖШС операторы да 9 ауылда осындай кемшілікке жол берген, - деді басқарма басшысы. 

Ол былтыр студенттер арасында IT саланы дәріптеу, олардың стартап жобаларын қолдау және алға жылжыту, түлектердің жұмысқа орналасуын бақылау мақсатында Тараз өңірлік университетімен меморандум жасалғанын жеткізді. Бұл тәжірибе көптеген оң нәтижелер көрсеткен. Сондықтан биыл да Жамбыл облысының жоғарғы оқу орындарымен және колледждерімен тағы бірнеше меморандум жасалмақ. 

Руслан Нокрабеков Jambyl-109 қызметі бүгінгі таңда 300-ден аса мекемемен келісімге отырғанғанын атап өтті. Тұрғындар бұл бірегей қызметке өтінішті облыстың кез-келген нүктесінен қалдыра алады. Jambyl-109 күніне 180-250 өтініш қабылдайды. Мәселен, жыл басынан бері мұнда тұрғындардан барлығы 18 104 өтініш түскен. Олардың 17 666-сы толық қанағаттандырылса, 438 өтініш өңделу барысында. Оң шешіммен өңделген өтініштер 98% пайызды құрады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы