Коронавирус: Жамбыл облысында шектеу шаралары енгізіледі

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысының аумағында 31 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап шектеу шаралары енгізілмек. Ең бірінші, өңірдің және Тараз қаласының аумағына автокөлік құралдарының барлық түріне кіруге және шығуға тыйым салынбақ.

Алайда, транзиттік автокөліктерге, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін азық-түлік тауарлары, дәрілік заттар және медициналық бұйымдар таситын көліктерге рұқсат.

Жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, ірі сауда орталықтарының (оларда орналасқан азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа), саябақтардың, моншалардың, санаториялық-курорттық нысандардың, интернет-клубтардың, көлік жуу орындары, сұлулық салондары, шаштараздар, автомобиль, киім-кешек, құрылыс базарларының қызметі де тоқтатылады.

Бөлшек сауда базарлары санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істей береді. Көтерме азық-түлік қоймалары мен базарлар, супермаркеттер, үйлердің жанындағы дүкендер мен дәріханалар қалыпты режімде жұмыстарын жалғастыра береді. Қоғамдық тамақтану объектілері, жеткізіп беруді тәулік бойы жүзеге асыратын қызметті қоспағанда, жұмыстарын тоқтатады, - делінген хабарламада.

Өңір тұрғындарының да, азық-түлік, бірінші кезектегі қажетті заттар, дәрілік және медициналық бұйымдар сатып алуды, медициналық көмекке жүгіну, төтенше жағдай, адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да оқиғаларды айтпағанда, аса қажет болмаса үйлерінен шығуы шектелмек. Отбасы мүшелерінен басқа, үш адамнан көп топтасуға да болмайды. Сонымен қатар кәмелет жасқа толмағандарға ересек адамсыз жүруіне тыйым салынады. Ал 65 жастан асқан азаматтарға өзін-өзі оқшаулау қажет.

Бұл орайда, облыс тұрғындарының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін полиция, медициналық қызметкерлердің, авариялық-құтқару және басқа да коммуналдық, шұғыл қызметтердің жұмысы шектелмейді.

Жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметінен білгеніміздей, Қордай ауданында коронавирустық инфекцияның бұған дейін анықталған жағдайына байланысты қосымша шектеу шаралары енгізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы