Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін дамытуда жоғары әлеуетке ие

«Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» Халықаралық экономикалық және инвестициялық форумының алаңында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қытайлық SPIC корпорациясының өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

SPIC корпорациясы «Жаңатас жел электр станциясының» құрылысын жүргізіп, іске қосты. Электр энергиясын өндірсінің жылдық қуаты – 350 млн кВт/сағ.

Сондай-ақ, 2023 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 МВт болатын «Шоқпар жел электр станциясы» ЖШС пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Компания бұл бағыттағы тәжірибесін электр энергетикасы саласында және басқа да жобаларды жүзеге асыру үшін қолдануға, облыс аумағында ірі электр станцияларын салуға ниетті.

Инвесторлар қуаттылығы 600 МВт-қа дейінгі жел электр станциясын салуға барлық мүмкіндіктері жететінін айтты.

Корпорацияның серіктесі – «SANY Renewable Energy» компаниясы жел қондырғылары бағаналарын шығаратын зауыт салуды ұсынды. Жобалық қуаты – жылына 200 бағана жиынтығы. Инвестициялардың жалпы көлемі – 53 млн АҚШ доллары. Жоба аясында 160 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, жасыл энергетиканы дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды табысты іске асыру облыстың бұл бағыттағы көшбасшылық қабілетін ұстап тұруға мүмкіндік беруде. Инвесторларға қолдау көрсете отырып, біз жыл сайын жаңартылатын энергия көздері нысандарының санын артыра түсуге дайынбыз, - деді облыс әкімі.

Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға жобаларды егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы