17 Ақпан 2026, 12:12 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Жамбыл облысы тұрғындары Жаңа Конституция жобасын қолдайды 

Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді.

Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Сапар аясында коалиция мүшелері өңір тұрғындарымен, жастармен, еңбек ұжымдарымен және шағын бизнес өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Жұртшылықпен негізгі кездесу «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешені аумағында өтті. Оған облыстың 500-ге жуық тұрғыны – зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, медицина қызметкерлері, педагогтер және өзге де азаматтар қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар Жаңа Конституция жобасы мемлекеттің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келетінін және ел дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

​Сапар бағдарламасы аясында коалиция мүшелері жастар және білім саласының мамандарымен кездесіп, білім мен ғылымды дамыту Жаңа Конституцияның басым бағыттарының бірі екенін жеткізді.


Өндіріс және еңбек саласы өкілдерімен де арнайы жүздесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Казфосфат» ЖШС ұжымымен кездесуде еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері талқыланды. «Қарызсыз қоғам» жобасы қатысушыларымен өткен жиында азаматтардың жеке деректерін қорғау нормалары сөз болды. Ал «Super-pharm» фармацевтикалық зауытында өндіріс саласына қатысты құқықтық тетіктер қарастырылды.

Сонымен қатар, құрамында ҚР Сенаты мен Парламенті депутаттары, облыстық ардагерлер кеңесі мен мәслихат депутаттары бар ақпараттық топтар Қордай ауданы, Талас ауданы, Байзақ ауданы және Жамбыл ауданында болып, аудан тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында құжаттағы негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтар түсіндірілді.

Жалпыұлттық коалиция өкілдері әрбір кездесуде Жаңа Конституция жобасының негізі Президенттің қызметіне кіріскен сәтінен бастап қалана бастағанын атап өтті. Сондай-ақ құжаттың ауқымды қоғамдық диалог нәтижесінде әзірленгені, ол азаматтардың әділдікке, заң үстемдігіне және сенімді болашаққа деген сұранысын айқын білдіретіні айтылды.