Жамбыл облысы Наурызды 9 күн тойлайды
Астана, BAQ.KZ. Биыл Жамбыл облысы Ұлыстың ұлы күнін 9 күн атап өтпек. Бұл үрдіс өңірде өткен жылдан бері қолға алынған.
14-і мен 22 наурыз аралығында әр күнге атау беріліп, түрлі тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Амал мен Тағзым, Алас пен Мейірім, Ынтымақ пен Жаңару, Береке мен Ұлыстың ұлы күні және 22 наурыз Жаңа күн. Жамбыл жеріндегі жалпыхалықтық мереке осылайша 9 атаулы күнмен мерекенің мазмұнын аша түспек. Бүгіннен бастау алатын игі шара Әз-Наурызға жеткеніне халық шүкіршілік етіп, саулық сұрасып, ізгі тілек айтудан басталады. Одан кейін ата-баба рухына құран бағышталып, жалпыхалықтық сенбілікпен жалғасады. Көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық жасалып, аймақтағы этномәдени орталықтар өкілдерінің концерті өтеді.
Сондай-ақ ауылшаруашылық тауарлардың нарық бағасынан төмен жәрмеңкесі ұйымдастырылып, төрт жарым мың түп ағаш отырғызу жоспарланған.
«9 күндік шаралардың ішінде тек қана ойын-сауық іс-шаралары емес, халықпен бірге елдің ынтымағы мен бірлігін алға ұстап, Ұлы даланың жеті қыры негізге алынған қайырымдылық шаралары өткізілейін деп отыр, мәдени көпшілік іс-шаралардың барлығы соған бейімделген», - дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев.