Жамбыл облысы экономикалық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте биылғы 7 айдағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары да талқыланды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жыл басынан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң динамика сақталуда.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова хабарлағандай, экономикалық өсім 106,4 пайызды құраған. Айта кетейік, Жамбыл облысы қаңтар-шілде айларының қорытындысына сәйкес 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша республикадағы өңірлер арасында екінші орынға тұрақтаған.
Өнеркәсіптегі өнім көлемі 107,7 пайызды, ауыл шаруашылығы - 104,2, құрылыс - 116,5, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі - 116,4 пайызды, инвестициялар - 111,2, ал бөлшек сауда көлемі 102,4 пайызға айналған.
Көлік және қоймалау саласында көрсеткіш өткен жылдың тиісті деңгейімен салыстырғанда 2,6 пайызға артты. Алайда жүк тасымалы мен жолаушы тасымалы көрсеткіштерінің төмендегені байқалуда. Бұл індетке байланысты коммерциялық тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің жұмыс көлемінің қысқаруы есебінен қалыптасып отыр, - деді Г. Жауынбекова.
Басқосу барысында Қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиев биыл 1 тамызда облыс бюджетінің кірістері 257,3 млрд теңгеге немесе 104,9 пайызға орындалғанын жеткізді.
Оның айтуынша, меншікті кірістер жоспары жергілікті бюджеттердің барлығында артығымен орындалған.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы басқарма басшылары мен аудан әкімдерін жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін аймақтың бар мүмкіндігін толық пайдалануға шақырды.