Жамбыл облысы ҚАЖД бастығы азаматтарды онлайн қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Теңізжан Жәнібеков онлайн режимде азаматтарды қабылдау өткізді. Қабылдау барысында ол әуелі өзін таныстырып, содан соң азаматтарға сұрақтарын онлайн байланыс арқылы жолдауын өтінді. 

Алғашқы байланысқа шыққан шымкенттік Гүлжан есімді азаматша, жазасын өтеуші жарының жағдайына алаңдаулы болғандықтан кездесуге қашан мүмкіндік ала алатындығы туралы сауал жолдады. Бұл сұрақ бойынша, әділет полковнигі Теңізжан Нұрмаханұлы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарының қаулысына сәйкес, жүзеге асатындығын айтты.

Келесі сұрақ өңірдегі түзеу мекемелерінде жұмыс орындары қашан ашылатыны жөнінде болды. 
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің түзеу мекемелеріндегі өндіріс аймақтарында жұмыс орындарына ағымдағы жылдың 8 маусымынан бастап ашылуға рұқсат берілді. Алайда,жұмыс орындарында сотталғандар санитарлық-гигиеналық шаралардың сақталуын қатаң қамтамасыз етуі тиіс. Атап айтқанда, өндірістік аймақтарда бетперде тағып жүру, жұмысшылардың арақашықтығы кемінде 1,5 метр болуын сақтау және жұмысқа шығатын сотталғандарды күнделікті жұмысқа жібермес бұрын медициналық қызметкерлер бақылауға алып, денсаулықтарын тексеру, жеке кәсіпкер иелерінің және олардың өкілдерінің мекеме аумағына кіруін шектеу, таксофон арқылы байланысқа шығу сондай-ақ, өзге де санитарлық талаптардың орындалуына қатаң бақылау жүргізу қолға алынады, - деп жауап берді департамент бастығының міндетін атқарушы. 
Бұдан кейін хабарласқан азаматша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қалай жұмысқа орналасуға болатындығы және конкурс қашан жарияланғаны туралы сұрақ қойды. Теңізжан Жәнібеков бұл сұраққа кеңінен жауап қайтарды.  
Бүгінгі таңда ҚАЖ департаментінде 34 бослауазымдарға орналасуға конкурс жарияланды. Бұл туралы ағымдағы жылдың 30 мамыр күні "Салық тәртібі" газетінде және өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сайтында жрияланған. Оның ішінде, медицина бөлімінің дәрігер-терапевті - 3, фельдшері – 1, эпидемиолог-дәрігері – 1, Шу аудандық пробация қызметінің инспектор-психологы -1, инспекторы - 1 және сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмысы жөніндегі бөлімінің босатылғандарды еңбекпен және тұрмыспен қамтамасыз ету бойынша инспектор – 1, режим және күзет бөлімінің бақылаушысы – 17, аға бақылаушысы – 6, бақылаушы-кинологы – 1 сондай-ақ арнайы есеп жүргізу бөлімінің технигі – 1 бос орын бар. Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет етуге ниет білдірушілер болса, департаменттің кадр саясаты тобына яғни, 45-11-82 телефон нөміріне хабарласып,  толық ақпарат ала аласыздар, - деді Т. Жәнібеков.
Жалпы, бүгінгі онлайн қабылдауда азаматтар өздерін мазалаған сұрақтардың жауабын алды. Келіп түскен өзге де сұрақтарға полковник Теңізжан Жәнібеков нақты жауап беріп, тұрғындармен қашанда кері байланыс орнатуға ниетті екендігін білдірді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы