Жамбыл облысында 98 ауыл шаруашылығы кооперативі ашылады

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы бойынша 232 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың басын құрап жұмыс істеп тұрған 55 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Бүгінде олардың 31-і сүт, 20-сы ет, 1-еуі құс етін өндіру, 3-еуі көкөніс өсіру бағытында жұмыс істейді.

«2017-2018 жылдары кооперативтердің техника сатып алу мен қажетті нысандарын салуға республикалық бюджеттен 396,6 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 12 танкер, 4 автокөлік, 1 рефережиратор көлігі сатып алынып, 4 мал сою пункті, 1 құрама жем жəне инкубатор нысандары салынған», - дейді Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев.

Республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың 84,4 миллион теңгесі 8 330,6 тонна сүт үшін төленген екен. Соның ішінде 6 018 бас бұқаға – 120,4 миллион, 1270,5 тонна құрама жемге – 23,3 миллион, 20 қондырғы мен техникаға 165,5 миллион теңге беріліпті. Нәтижесінде сүт зауыттарының жүктемелері 38-ден 56 пайызға жоғарылағаны байқалуда.

Басқарма басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативтері ашылғалы бері сүт бағытында 6 756, ет бағытында 10 019 бас мүйізді қара сатып алынған.

Алдағы уақытта Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өңірде 98 кооператив ашуды жоспарлап отыр. Яғни болашақта 153 ауылдық округте бір-бірден осындай құрылым ірге көтермек. Бұл іс кеңінен қолдау тапса, сүт бағытында 3 мың, ет бағытында 2 500, көкөніс пен құс өсіру бағытында 1 500 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туатын болады.

«Ал 2020 жылы жылына сүттен – 25 000, еттен – 10 000, көкөністен – 10 000 жəне құс етінен 1 000 тонна өнім алу көзделіп отыр», - дейді Берік Нығмашев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы