Жамбылда нан қымбаттады

Астана, BAQ.KZ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев Тараз қаласы мен аудандарда бөлке нанның бағасы 5 теңгеге қымбаттап, 70 теңгені құрағанын мәлімдеді. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

Айта кету керек, Жамбыл облысында нан бағасы 2016 жылдың 19 тамызынан бері тұрақты болып келген. Былтырғы жылдың 5 қазанынан бастап Тараз қаласының наубайханалары ұн бағасының көтерілуіне байланысты нан құнын 10 теңгеге көтеру жөнінде әкімдікке бірнеше рет хат жолдаған еді. Осыған орай, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей тапсырмасымен 2018 жылдың 19 қарашасында жұмысшы топ құрылып, ұн мен бидай нарығына талдау жүргізілді.

«Нан бағасын көтермеу мақсатында соңғы 4 айда тұрақтандыру қоры наубайханаларға құны 68 млн теңгеге 854 тонна ұн сатқан. Оның ішінде 456 тоннасы тұрақтандыру қорының сақтауынан, 398 тоннасы Қостанай облысынан сатып алынды. Сонымен қатар ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүңгіршектер арқылы 92 мың бөлке нан өткізілген», - деп жазылған хабарламада. 

Жүргізілген талдау нәтижесінде өткен жылдың екінші жартысынан бастап солтүстік өңірлердегі бидай бағасы 1 келі үшін 45-50 теңгеден 65-70 теңгеге көтерілді, сондай-ақ, ұнның бағасы сәйкесінше 65-70 теңгеден 85-90 теңгеге дейін өскен. 

«Тұрғындардың кірісін, наубайханалардың қаржылық жағдайын, көршілес өңірлердегі нан бағасының деңгейін және тұрақтандыру қордан 100 млн теңгеден астам күтілетін шығындарды ескере келе, ағымдағы жылдың 21 қаңтарында облыс әкімінде наубайханалардың қатысуымен өткен отырыс барысында нан бағасын 5 теңгеге көтеру жөнінде шешім қабылданды. Нан бағасын 10 теңгеге көтеру жөніндегі наубайханалардың өтініштері талданып, 5 теңгеге ғана көтеруге негізі бар екені дәлелденді. Бұл қадам наубайханалардағы өндірістік әлеуетті, сондай-ақ нанның сапасын сақтауға мүмкіндік береді», - деп хабарлады әкімдікте. 

Айта кетерлігі Тараз қаласында бөлке нанның бағасы 70 теңгеден аспайды және орта есеппен республика бойынша ең төменгі болып қала береді (бөлке нанның республикадағы ең жоғарғы бағасы - 94 теңге, орташа бағасы - 78 теңге). Облыстық тұрақтандыру қоры әлеуметтік дүңгіршектермен ірі сауда орындары арқылы бөлке нанды 55 теңгеден өткеруді жалғастыра бермек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы