Жамбыл медицинасы: Ахуалдық орталықтың қандай артықшылығы бар?
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасында өңір тұрғындарының денсаулығына қатысты деректер қорын біріктіретін ахуалдық орталық ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ахуалдық орталықтың артықшылығы – өңірдегі барлық медициналық мекемелердің арнайы тіркеу деректер базасы саналатын damumed.kz веб-сайты арқылы қосылған өңірдегі медицина қызметкерлері үшін ашық интеграцияланған ақпараттық жүйеде арнайы бақылауға болады. Яғни, бұл дегеніміз – медициналық көмекке арналған интеграцияланған ақпараттық жүйе. Бұл жоба облыста алғаш рет демеушілердің көмегімен жүзеге асты.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова түсіндіргендей, қазір орталықта облыстың барлық емдеу мекемелеріндегі бос төсек орындары, дәрігерлердің қабылдаулары, портал арқылы операцияға кезекке тұру тізімдері туралы электронды түрде толық ақпарат бар. Басқарма мен N№2 қалалық емханада жұмыс істей бастаған ахуалдық орталықтардың электронды жүйелері арқылы жүкті әйелдердің, сондай-ақ мұндай тіркеуден шығарылғандардың, онкологиялық және туберкулезге шалдыққан науқастардың тіркеуі бірден көрінеді.
Сондай-ақ дәрігердің үйге шақырылуы туралы мәліметтердің жазылуын, бюджетте көзделген қаражаттың орындалуын, емделушілер мен емхана арасындағы кері байланысты, белгіленген көрсеткіштердің орындалу деңгейін, тіпті еңбекке жарамсыздық парақтарының электрондық нұсқасын бақылауға мүмкіндік бар.
Қазір денсаулық сақтау басқармасына қарасты ахуалдық орталыққа үш қызметкер тартылған.
«Біз облыста, медициналық ұйымдар мен медицина мамандарына көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және тексеру үшін осындай мекемені аштық, бұл дәрігерлерге де, науқастарға да тиімді. Барлық ақпарат пациент онымен байланысқан сәттен бастап оның емделуін аяқтағанға дейін, барлық бұзушылықтар, егер рұқсат етілсе, көрінетін болады. Мысалы, егер науқас диспансерге жеткізіліп, бірақ амбулаториялық негізде қажетті дәрі-дәрмекпен және препараттармен қамтамасыз етілмесе, бұл дереу жүйеде көрсетіледі, автоматты түрде «қызыл жолақ» береді. Сондай-ақ портал арқылы ауруханаға жатқызудың күту уақытын бақылауға болады», - деп түсіндірді Жанар Оспанова.
Ол медициналық көмектің барлық кезеңдерінде бақылау мүмкін болатынын, бұл саланың ашықтығын арттыруға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және халыққа медициналық қызметтің қолжетімділік деңгейін арттыруға қызмет ететінін айтты.