Жамбыл әкімі бейнеселекторлық режимде жиын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбылда Тараз қаласы және аудан әкімдерімен бейнеселекторлық режимде жиын өтті. Онда карантиндік режимдегі шараларды ұйымдастыру мен көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге байланысты мәселелер талқыланған.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті әкімдік басшылары төтенше жағдайдағы режим туралы баяндаған. Бүгінде облыстағы 10 аудан мен Тараз қалалары бойынша блок-бекеттер жұмыс істеуде. Елдімекендердегі ғимараттарды, көппәтерлі үйлердің кіреберісін, көшелерді, қоғамдық пайдалану орындарын дезинфекциялау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Жергілікті билік әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру бойынша тиісті шаралар қабылдап, әлеуметтік мәселелерді шешуде.

Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек. Қалыптасқан жағдай бізден нақты әрекеттерді, туындаған мәселелерге жедел жауап қатуды талап етіп отыр. Бүгінде азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету аса маңызды. Ол үшін Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарының тасымалдаушуларымен байланыс орнату, жергілікті тұрақтандыру қорының мүмкіндіктерін пайдалану қажет, - деп атап өткен облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев аудандар мен Тараз қаласы мен аудан басшыларын тұрғындарға барынша қамқорлық көрсетуге, олардың сұраныстары мен ұсыныстарына мұқият назар аударуға шақырды.

Сондай-ақ аймақ басшысы қажет болса, зейнетақы, жәрдемақыны алушылардың тұрғылықты жері бойынша жеткізіп беруді қамтамасыз ету керектігін алға тартты. Бұл жұмысқа еріктілерді белсенді түрде тарту қажеттігі айтылды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы