Жамбыл ауданы – жаңғыру мен даму жолында

Жамбыл облысы Жамбыл ауданы соңғы жылдары аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуының тірек нүктесіне айналып келеді. 2025 жыл аудан тарихында жаңа серпін мен нақты нәтижелер кезеңі болды. Құрылыс, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм және әлеуметтік салада жүйелі істер атқарылып, халықтың тұрмыс сапасы айқын жақсарды. BAQ.KZ тілшісі Республика күнінде Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімімен ауданда атқарылған жұмыстар бойынша сұхбат жүргізген еді.

– Ерлан Қыдыралұлы сұхбатқа келіскеніңіз алғыс білдіреміз. Ең әуелгі сауалды бастасам, ауданда 2025 жылғы даму бағыты мен жүзеге асқан жобалар туралы айтып өтсеңіз.

– 2025 жыл Жамбыл ауданы үшін табысты жылдардың бірі болды. Жалпы құны 7,4 млрд теңгені құрайтын 25 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен – 3, облыстық қаржыдан – 9, аудандық бюджет есебінен – 10 жоба жүзеге асуда. Бүгінгі күнге дейін Қызылқайнар ауылындағы мәдениет үйі, Жаңаөткел, Бектөбе, Қызылшарық ауылдарындағы ауыз су жүйелері, Шайдана мен Бәйтерек ауылындағы мектептер, сондай-ақ Қаратау ауылындағы медициналық пункт пайдалануға берілді. Өрнек-Жұма, Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат және Сеңгірбай ауылдарындағы су және газ құбырларының құрылысы аяқталу сатысында. Сонымен қатар Аса ауылында орталық кітапхана, мұрағат және жасөспірімдерге арналған үйірмелер орталығының да құрылысы аяқталып, республика күні елге тарту етілді. Ал Қостөбе ауылында білім беру нысанының, Тастөбе ауылында спорт кешенінің, Бесағаш пен Ш.Ниязбеков ауылдарында мәдениет үйлерінің құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жалғасуда.

– Аудан орталығында соңғы уақытта халық саны артқан секілді. Осы орайда тұрғын үй мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Биыл жеке меншік тұрғын үйлердің жалпы көлемі 23 881 шаршы метрді құрады. Әлеуметтік осал топтағы 40 отбасыға Аса ауылынан жаңа үйлер берілді. Сонымен қатар, 2025 жылы 170 пәтер сатып алуға 2,6 млрд теңге қарастырылды. Айшабибі ауылында да жаңа үйлер салынуда. Ал кредиттік бағдарламалар аясында 140 пәтер сатып алуға 2,1 млрд теңге бөлінді. Қазір 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқаптарына су, газ және электр желілері тартылуда. 1 864 жер учаскесі кезек ретімен берілді. Аудандағы 31 елді мекеннің барлығы ауызсумен қамтылған, ал 27-сі табиғи газға қосылған. Жақында төрт ауыл – Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат және Сеңгірбай газ жүйесіне қосылса, қамтылу көрсеткіші 100% болады.

– Жол және жарықтандыру жұмыстарының жай-күйі қандай?

– Аудан бойынша жолдардың жалпы ұзындығы 332 шақырым. 2025 жылы «Алмалы Ресорт» және «Таскөл» туристік нысандарына кіреберіс жолдар, сондай-ақ Қызылқайнар және Қапал ауылдарына апаратын жолдар жөнделді. Айшабибі–Қаратау жолы биыл басталып, 2026 жылы аяқталады. Ауылішілік 23 көше орта жөндеуден өтті. Сонымен қатар, 13 елді мекендегі 40 көшеге жаңа жарық шамдары орнатылды.

– Ауыл шаруашылығында қандай нәтижелер бар?

– Ауданда 2 560 агроқұрылым жұмыс істейді. 2025 жылдың 9 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 43,4 млрд теңгеге жетті. Диқандар 52 мың гектар алқапқа егін егіп, мол өнім алды: 3 мың тонна бидай, 8 мың тонна арпа, 220 мың тонна көкөніс, 19 мың тонна бақша өнімі және 295 мың тонна мал азығы жиналды. Мал шаруашылығында да серпін бар: Аса ауылында тәулігіне 200 бас мал соятын жаңа мал сою алаңы ашылды, ал Ақбастау мен Ерназар ауылдарында ветеринарлық пункттер іске қосылды. 2025 жылы “Ауыл аманаты” жобасы аясында 8 ауылдық округте 354 млн теңгеге 49 жоба қаржыландырылып, 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұған дейін 2019–2024 жылдары бағдарлама арқылы 490 тұрғын жұмысқа орналасқан болатын.

– Инвестициялық жобалар мен өндіріс саласындағы көрсеткіштер туралы да айта кетсеңіз.

–Ілкімді істердің бірі ретінде 2 ірі көкөніс қоймасының құрылысы жоспарға енгізілген. Олардың жалпы құны – 2,7 млрд теңге. Қазіргі таңда Айшабибі ауылдық округіндегі «Ализа» ЖШС жеке шаруашылығында 7 000 тонналық көкөніс сақтау қоймасының құрылысы аяқталу сатысында. Ал екінші қойма «БАМ холдинг» ЖШС-інде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны – 800 млн теңге, қуаттылығы – 5 000 тонна. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде ауданда екі тауарлы сүт фермасының құрылысы қолға алынған. Атап айтқанда, «AzNur Agro» 400 бас малға арналған фермасының жобалық құны – 1,8 млрд теңге болса, «Момбек» шаруа қожалығының 612 басқа арналған фермасының жобалық құны – 2,9 млрд теңгені құрайды. 2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 2 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда құны 250 млн теңге болатын «АТБ» шаруа қожалығының сүт өңдеу цехы іске қосылып, өнім өндіруде. Бұдан бөлек, «Рыжибаев» жеке шаруашылығында құны 1 млрд теңге болатын ет бағытындағы құс фабрикасының құрылысы да қарқын алып келеді.

– Жыл өткен сайын мемлекеттік бағдарламалар қатары артып келеді. Оның шарапатын жергілікті тұрғындар қаншалықты көруде?

– 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша аудандағы өнеркәсіп кәсіпорындары 34,04 млрд теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 103,9%-ды құрады. Бұл жалпы өнеркәсіп өндірісінің 3,9%-ға өсуіне алып келді. Сауда саласында да оң динамика байқалып отыр: бөлшек сауда айналымы 15,5 млрд теңгеге жетіп, жоспар 123,3%-ға артығымен орындалды. Аудан бойынша 12 шағын өнеркәсіп нысаны және 6 811 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Онда 10 408 адам еңбек етуде. 2025 жылдың басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 25,7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 221,1%-ға жетті. Бұдан бөлек, ауданда құны 20,4 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, бұл жобалар 154 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.Жыл басынан жоспарланған инвестициялық жобалардың қатарында екі балық шаруашылығы нысаны және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойындағы «Арзан сити-3» жол бойы сервисі іске қосылып, 82 жаңа жұмыс орны құрылды. Энергетика саласында да ілгерілеушілік бар. Әулиекөл ауылында орналасқан «KEGOC» АҚ 500 кВ подстанциясын кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында аудан экономикасына 9,8 млрд теңге инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Жыл соңына дейін жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылып, 35 жаңа жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, «Азнұр» тауарлы сүт фермасы, «Рижыбаев» құс фабрикасы, «TAN PETROIL» жол сервис кешені, «ALIZZA» көкөніс сақтау қоймасы, «Ақылбекова Д.» сүт өңдеу цехы. 2026 жылға өтпелі екі жоба – «Момбек» сүт фермасы мен «КЕГОК» электр станциясын кеңейту жұмыстары жалғасатын болады. Аудан көлемінде 12 демалыс орны, 2 шипажай, 21 тамақтану орны, халықаралық көлік дәлізі бойында 3 жол бойғы сервис, 3 жанар-жағармай және 5 газ құю бекеті жұмыс істейді. 2025 жылы туристік инфрақұрылымды дамыту аясында «Таскөл» және «Алмалы» демалыс орындарына апаратын жолдарға асфальт төселіп, пайдалануға берілді. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мен бағаны тұрақтандыру мақсатында Аса ауылында сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Сонымен қатар аудан кәсіпорындары Тараз қаласында өтетін жәрмеңкелерге де белсенді қатысуда. Атқарылған жұмыстар мен жоспарланған жобалар ауданда жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың өмір сапасының артуына және өңірдің экономикалық қуатын нығайтуға мүмкіндік береді.

– Алдағы жылдарға қандай жоспарлар бар?

– 2026 жылы жүзеге асырылатын 6 инвестициялық жобаның жалпы құны – 75,4 млрд теңге. Бұл жобалар нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың ішінде 3 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асады. Нақтысы, Германиялық «Knauf» компаниясы Ақбастау ауылында гипс және гипсокартон өндіретін зауыт құрылысын бастады. Зауыт жылына 22 млн шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы. Қытайлық инвесторлар «ГЭСМЫРЗАТАЙ» бу-газ қондырғылары арқылы электр станциясын салуды қолға алып отыр. Жоба құны – 30 млрд теңге, 60 адамды жұмыспен қамтиды. Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar Abu Dhabi Future Energy Company» компаниясы Сарысу ауданындағы жел электр станциясынан Әулиекөлдегі 500 кВ KEGOC подстанциясына дейінгі электр желісін тарту жобасын жүзеге асырады. Жоба құны – 20 млрд теңге.

– Сұхбат соңында аудан халқы мен оқырмандарға айтар сөзіңіз?

– Жамбыл ауданы – әлеуеті зор, еңбекқор халық тұратын өңір. Біз қолға алған әрбір бастама тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған дүниелер. Алдымызда үлкен жоспарлар бар, соның бәрі ауданымыздың болашағын жарқын етуге қызмет етеді. Осы ауданның, аймақтың азаматы ретінде мен әрбір істің басы-қасында боламын деп ойлаймын.

– Сүбелі сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы