"Жамбыл – адалдық алаңы": аудандар "сервистік әкімдік" форматына көшіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр Жамбыл облысы әкімдігінің "Жамбыл – адалдық алаңы" жобалық кеңсесі өз жұмысын нәтижелі аяқтағаны белгілі. Осы орайда жергілікті халық тарапынан көптеген оң пікір естіген жобалық кеңсе жетекшісі Назима Жуандықованы аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Биыл облысымыздың барлық 10 ауданында "Адалдық алаңы" жобалық кеңселері құрылып, өз жұмысын жүзеге асырып жатыр. Басты мақсат – жоба кеңселерінің жұмысын ауылдық деңгейге жеткізу, – деді жобалық кеңсе жетекшісі. – Тұрғындарға сапалы және бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсету мақсатында Тараз қаласында жер және сәулет салаларындағы бөлімдерді біріктіріп, сервистік әкімдік ашылды. Сонымен қатар, Меркі, Талас, Сарысу, Шу, Мойынқұм аудандары "Сервистік әкімдік" форматына көшті. Қалған 5 ауданда "Сервистік әкімдік" ашу бойынша жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Ал Жамбыл облысы әкімдігі мен Тараз қаласы әкімдігі "Ашық әкімдік" принциптерімен жұмыс істеп жатыр.

Жақында Тараз қаласының ауылшаруашылық, тұрғын үй және шаруашылық, құрылыс, кәсіпкерлік бөлімдері біріктіріліп, сервистік әкімдік ашылмақ.

Тұрғындарда оңтайлы моральдық қасиеттерді нығайтуға, сонымен қатар, ішкі парасаттылықты және адалдықты тәрбиелеу мақсатында Тараз қаласында орналасқан "СMALL" гипермаркетінде "Адалдық алаңы" аясында өзіне-өзі қызмет көрсететін адалдық кассалары ашылса, ал қаланың басты көшесінің бірінде "Жемқорлыққа жол берме! Сенің таңдауын, Адал білім, Сапалы медицина, Сапалы жол, Таза қала" атты мурал салынды.

– Осы уақыт ішінде жобалық кеңсеге қанша тұрғын жүгінді?
– Мемлекеттік органның бірінші басшылары, сондай-ақ, қала және аудан әкімдері тарапынан қоғам алдында барынша ашықтығын көрсету және азаматтармен кері байланыс орнату мақсатында жобалық кеңсемізде 14 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, оған 30 азамат қатысып, әлеуметтік желі арқылы 100-ден аса сұраққа жауап берілді. Оның ішінде нақты шешілген мәселелер де болды.
– Мысалы?

– "Жамбыл – адалдық алаңы" жобалық кеңсемізде О.Тоқбергенов деген азаматтың Құмшағал ауылындағы көше жарығына қатысты мәселесі қолға алынып, нәтижесінде жарықтандыру бойынша жаңа трансформатор қойылды. Сондай-ақ Төтенше жағдай кезінде көмек сұраған осал топтағы отбасыларға "Ізгілік елшісі" жобасы аясында көмек көрсетілді. Жобалық офис 40 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сол секілді Тараз қаласының О.Кашымов көшесінде орналасқан 25-үйдің тұрғындары жылдар бойы күтіп жүрген ауызсу мәселесіне шағымданған болатын. Тұрғындардың көтерген мәселесі ұзаққа созылмай қолға алынып, су құбырлары ауыстырылды.

– Тараз қаласы Арай алқабының тұрғындары былтыр салынған асфальт сапасына сенімсіздік білдірген болатын...

– Иә, "Адалдық алаңының" араласуымен мердігермен кепілдік міндеттемелеріне сәйкес жол жабындылары қалыпқа келтірілді. Қазіргі таңда жобалық кеңсе WhatsApp мессенджерінде көпқабатты үйлердің тұрғындары, әлеуеті осал топтар, мемлекеттік органдардың басшылары қатарынан топтар құрып, тұрғындар тарапынан туындаған мәселелерді бірден шешу тәжірибесі енгізілді.

– Өз ісіне немқұрайлы қарайтын қызметкерлер мен тұрғындарға қандай шара қолданылып жатыр?

– "Жамбыл – адалдық алаңы" жобалық кеңсесі жол сапасына үнемі жіті бақылау жүргізіп тұрады. Жыл басынан бері 27 қоғамдық мониторинг жүргізіліп, оның негізінде жол сапасының бұзылуына қатысты 47 кемшілік анықталды. Оның 40-ы бойынша жол жабындылары қалыпқа келтірілсе, анықталған 7 кемшілік бойынша тиісті жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ қала тұрғындарының жол жабындыларын бұзуына жол бермеу мақсатында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында 15 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, 200 мың теңгеден аса айыппұл салынды. Одан бөлек, жобалық кеңсе қызметкерлері жол саласындағы уәкілетті органдармен бірігіп ауыр жүк тасымалдаушы көліктерге күнделікті рейдтік-профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар ғана емес, сондай-ақ облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың бұзылуына жол бермеу мақсатында аудандағы тас жолдарға шығу жұмыстары ұйымдастырылды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша уәкілетті орган мен тасымалдаушыларға 43 хаттама толтырылып, 8 млн теңге айыппұл салынды. 

Жуырда арнайы мониторингтік топпен бірлесіп Тараз қаласындағы тұрғын үй-жөндеу қоры арқылы көпқабатты тұрғын үйлерге жасалынған ағымдағы жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізіп, бірқатар кемшілікті анықтаған. 2019 жылы жөндеуден өткен 13 үйдің сапасы зерделеуден өтіп, оның 3-і бойынша мердігер компаниялардың 7,4 млн теңгеге толық атқарылмаған жұмыстарының актілерін тұрғындардың білместігінен қабылдағаны белгілі болды. Қазіргі таңда бұл кемшіліктер толық жойылды және ол туралы тұрғындар "Жамбыл – адалдық алаңына" алғыс білдірді.

– Қазіргі індет белең алып жатқан уақытта кейбір пысықайлар дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтеріп жіберді. Салдарынан тұрғындар зардап шекті. Осы орайда дәрі-дәрмек проблемасына қатысты жайттар анықталды ма?

– Ондай жағдайлардың тіркелгені рас. Біздің менеджерлер облыс әкімдігі жанынан құрылған жедел топ құрамына енгізіліп, Тараз қаласында орналасқан дәріханаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда 58 дәріхана және 6 дәрілік қойма мен аурухана қызметі зерделенді. Осы орайда бағалардың жоғарылауы, дәрілік заттарды заңсыз сату бойынша 20 факті анықталды. Оның ішінде, дәрілік заттарды сату ережелерін бұзғаны үшін 4 әкімшілік хаттама толтырылып, 388 920 теңге айыппұл салынды. Ал мемлекеттік тізімінде тіркелмеген дәрілік заттарды сату дерегі бойынша 4 әкімшілік хаттама сотқа жолданды.

– Сөз соңында алға қойып отырған мақсат-міндеттеріңіз жайлы айта кетсеңіз...

– Елімізде қалыптасқан жағдайды ескере отырып, "Жамбыл – адалдық алаңы"-ның жұмысын мына салалар бойынша қоғамдық бақылауды күшейтуге бағыттаймыз: Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеуді қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласы бойынша тегін қымбат дәрі-дәрмектердің науқастарға жету барысындағы тәуекелерді анықтау; "Сапалы жол" жобасы аясындағы жол жөндеу жұмыстары және ауыр жүк тасымалдау барысында жол жабындыларының бұзылуына жол бермеу.

Сөз орайы келгенде айта кетейін, қазіргі таңда Тараз қаласындағы 163-үйдің ауласы 2,1 млрд теңгеге жөндеуден өтіп жатыр, бұл жұмыстардың сапасына қоғамдық бақылау жүргізуді "Жамбыл – адалдық алаңына" табыстаймыз.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы