Жамбы ату ұпайы халықаралық стандартқа сай есептеледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық спорт қауымдастығының ұсынысымен Жамбы ату спортының ережесіне өзгерістер мен толықтыру енгізіледі.
Бұл ұсыныс елордада өтіп жатқан Ұлттық спорт қауымдастығының 2021 жылды қорытындылауға арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде талқыланды.
Жамбы ату спортының бір ерекшелігі – үш түрлі стильмен өтетіндігінде. Осыған байланысты оның ұпай санын есептеу жүйесі де өзгеше қалыптасқан. Мысалы ойынның алғашқы кезеңдерінде өтетін «корей стилі» мен «түрік стилінде» бағалау, ұпай есептеу ұқсас болғанымен, осы спортқа соңғы жылдары ғана енгізілген халқымыздың жамбы ату стилі, яғни «қазақ стиліне» ұпай беру тәртібі басқаша. Спортшы бірінші нысана – «Қола жамбыға» жебе қадаса – 5 ұпай, екінші нысана – «Күміс жамбыға» жебе қадаса 10 ұпай, үшінші нысана – «Алтын жамбыға» жебе қадаса 15 ұпай беріледі.
Бұл бағалау алдыңғы екі стильде ұпай жинай алмаған спортшыға үлкен мүмкіндік. Сондықтан да Жамбы атуда жеңіс тарихын «Қазақ стилі» шешеді деген түсінік бар. Осыны ескере отырып, Ұлттық спорт қауымдастығы Жамбы ату спортының ұпайын қазіргі таңда халықаралық жарыстарда қолданып жүрген баллдық жүйемен есептеуді ұсынды.
Ондағы басты мақсат – ойыншылардың нағыз мергендігі мен ұпай жинаудағы тең дәрежелігін сақтау. Әрі халықаралық жарыс өткізген кезде халықаралық стандартқа сай бағлау жүйесін қолдану - дейді ұлттық спорт өкілдері.