Департамент директоры өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы қалай жүзеге асырылатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҰЭМ өңірлiк даму департаментiнiң директоры Дәурен Жамбайбек «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының басты бастамалары туралы айтты.

Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын әзірледі.

Ұлттық жобаның мақсаты - халықтың базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды, көліктік байланыстылықты жақсарту және елдің транзиттік әлеуетін, сондай-ақ халықтың ұтқырлығын арттыру, - дейді Дәурен Жамбайбек.
Ол атағандай, базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу деген бірінші бағыт бойынша екі міндетті шешу көзделеді.
Инфрақұрылымды кешенді дамыту 16 мың км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салуды және реконструкциялауды, 46 топтық су құбырын реконструкциялауды, 785 км нөсер кәрізі мен арық жүйесі желілерін жаңғыртуды, коммуналдық сектордың 7,7 мың км желісін жаңғырту мен реконструкциялауды, 1163 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу бойынша бюджеттік кредит беруді болжамдайды, - деді ол.
Жамбайбектің айтуынша, бұл тірек ауылдардағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 100%-ға дейін жеткізуге, 3,5 мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымын жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес келтіруге мүмкіндік береді.
«Жайлы тұрғын үй» деп аталатын екінші міндет аясында нысаналы топ үшін 185,1 мың адамның жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алғаны үшін шығыстарды субсидиялау, 102,3 мың әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй құрылысы, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу сияқты қолдау шаралары іске асырылатын болады. Сондай-ақ өз жұмыскерлері үшін ауылдық жерлерде үйлер салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу көзделеді, - деді ол. 
Жамбайбектің айтуынша, Ұлттық жобаның екінші бағыты көліктік байланыстылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Ішкі көлік желісін дамыту республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолды және 27 мың шақырым жергілікті жолды салу мен реконструкциялау есебінен қамтамасыз етілетін болады. Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 100%-ға дейін және жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 95%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа автожолдарды Ұлттық стандартқа сәйкес 2,3 мың жол бойындағы сервис объектілерімен қамтамасыз ету көзделеді. Аумақтардың сыртқы байланыстылығын арттыру үшін бірқатар ірі жоба іске асырылатын болады, - деді ол. 
Әңгіме екінші жолдарды салу және «Достық-Мойынты» учаскесін электрлендіру туралы болып отыр. Бұл Қытай-Еуропа-Қытай қатынасының өткізу қабілетін 5 есе, ал «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісін салу Сарыағаш стансасының өткізу қабілетін 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ол атағандай, қаржыландырудың жалпы көлемі 7,6 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджетте 4 трлн теңге, жергілікті бюджеттерде - 786 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат 2,8 трлн теңге жеке инвестицияны тартуға мүмкіндік береді.

Ұлттық жоба «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іс-шараларын қамтиды. Ұлттық жобаны іске асырудың әлеуметтік әсері инфрақұрылымдық қамтамасыз етілу (сумен жабдықтау, су бұру, жолдар, газбен, сумен, электрмен, жылумен жабдықтау) және тұрғын үй мәселелерін шешу есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей байланысты, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы