Жамаубаев казино ойнап, ұсталған әріптестеріне қандай шара қолданылатынын айтты

Қаржы министрлігінің қызметкерлері казино ойнап жүрген жерінен ұсталды. Осыған қатысты Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бізде бұл мәселемен аппарат басшысы айналысады. Ол тікелей кадр мәселесіне жауап береді. Біз бұл мәселені тек заң аясында қарастырамыз. Қателеспесем, бізде 25 қызметкерге қатысты сондай ақпарат түскен. Барлығына тиісті шара қабылдаймыз. Оның ішінде өз еркімен жұмыстан кеткені, тәртіптік жазаға тартылғаны бар. Сондықтан әрбір қызметкермен жеке-жеке қызметтік тексеріс жүргізіп барып, шешім қабылдадық, - деп айтты Жамаубаев.

Өткен жылдың қазан айында БАҚ-қа Алматы облысының прокуратурасы казино мен ойын автоматтары залдарын тексергеннен кейін түрлі өңірлерден 305 мемлекеттік қызметшінің ойын мекемелеріне барғанын анықтаған құжат келіп түсті. 

Олар құмар ойындарға 507 млн теңге жұмсаған. Олардың қатарында Ішкі істер министрлігінің, Қаржы министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Жоғарғы Соттың, Қаржы мониторингі агенттігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттік органдардың шенеуніктері бар.

Осы ақпарат пайда болғаннан кейін Президент Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне казино ойнайтын мемлекеттік қызметшілерге қатысты тексеру жүргізуді тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы