Жамаубаев қаржыны игермей жатқан министрліктерді атады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында айтты.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,3%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,8%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,7%-ға атқарылды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейлерінде атқарылу көрсеткіші жоғары, - деді ол.
Жамаубаев республикалық бюджет бойынша сомасы 8,6 трлн теңгеге шығыстар жүргізілгенін айтты.
Атқарылмау 17 млрд теңгені, оның ішінде үнемдеу 5 млрд теңгені құрады. Игерілмегені - 12 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Қаржы, Төтенше жағдайлар мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде қалыптасты, - деді ол.
Министр игерілмеудің негізгі себептерін де атап өтті.
Игерілмеудің негізгі себептері: шарттарды қазынашылық органдарына тіркеуге кеш ұсыну, төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу, орындалған жұмыстардың актілерін, шот- фактураларды уақтылы ұсынбау; конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, сот талқылауларының болуы. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 4,5 трлн теңгені құрады. 58 млрд теңге атқарылмаған. Өңірлерге 2,5 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген, - деді ол.