Жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде қолма-қол ақшаны көрсету керек
Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі мақсаты – азаматтардың кіріс мөлшеріне қарай әділ салық салуды қамтамасыз ету болып табылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдеуінше, салық төлеуден жалтарғандарды анықтау көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Көлеңкелі айналымды азайтудың тиімді әдістерінің бірі – азаматтар өмірінің ажырамас бөлігіне айналған қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшу болып табылады.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметтеріне сәйкес Қазақстанда 9 айдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86%-ға дейін өсті (өткен жылы – 82%).
Ересектерден басқа, 6 жастан бастап балалар да қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пайдаланады, ата-аналардың 41,4%-ы балаларына карта рәсімдеген (Kursiv Research социологиялық зерттеулер орталығының деректері).
Банктердегі жеке тұлғалар депозитінің саны 16,9 миллионнан 19,8 миллионға дейін өсті, жылдық өсім 14,3%-ды құрады, депозиттердің жалпы көлемі 18,6 трлн теңгені құрады. (Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының деректері).
Мемлекет салымдарға кепілдік беру жүйесіне 19 қатысушы банктің әрқайсысында 20 миллион теңгеге дейінгі банктік салымдар бойынша өтелуіне кепілдік береді.
Ел айналымындағы қолма-қол ақшаның мардымсыз сомасын ескере отырып, әрбір азамат декларациялау кезінде 34,5 миллион теңгеден (10 000 АЕК) аспайтын қолма-қол ақшаны көрсете алады. Өзге қаражаттың болуын екінші деңгейдегі банктер растайды.
Салық кодексінде банктердің салық төлеушілердің банктік шоттары туралы мәліметтерді салық органдарына беруге міндеттілігі қарастырылған (Салық кодексінің 26-бабы).
Бұл талап Конституцияның нормаларына қайшы келмейді, өйткені бұл құқықты шектеуге заңда нақты белгіленген жағдайларда және тәртіппен жол беріледі (Конституцияның 18-бабының 2-тармағы).
Осыған байланысты «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның (50-бап) және Салық кодексінің (30-бап) нормалары салық салу мақсатында банк құпиясын жария етуді көздейді.
Шетелдегі және Қазақстандағы активтерді барынша анық декларациялау қажет екеніне назар аударамыз. Алдағы уақытта салық салынатын кірісті анықтау кезінде активтердің құны ескерілетін болады.