Жалпыға бірдей декларация. 180 мыңнан астам павлодарлық құжат тапсырады
Ертіс өңірінің 180 мыңнан астамы кірістер туралы декларация тапсыруға міндетті. Осы күнге дейін 143 мыңнан астам павлодарлық тиісті құжатты ұсынған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Руслан Рахымбердінің айтуынша, биыл жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінің шеңберінде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сонымен қатар, олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тиісті құжаттарды тапсырады. Ал 270-ші формасындағы декларацияны 97 мыңнан астам облыс тұрғыны ұсынды.
Мақсат - көлеңкелі экономикамен және жемқорлықпен күресу үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін тиімді бақылау жүйесін құру, сондай-ақ, салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту. Декларациялаудың төртінші кезеңінде азаматтардың өзге санаттары да құжат тапсырады. Оның электронды және қағаз жүзінде тапсыруға болады. Алғашқы екі кезеңде 116 мыңнан астам адам кірістері туралы есеп берді, - дейді Руслан Рахымберді.
Мамандардың айтуынша, міндетті декларациялаудан өтпеген азаматтарға қатысты шара қолданылады.
Декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Құжатты тапсырмаған немесе тапсыруды кешіктірмеген болса, ескерту жасалады. Ал бұл әрекет бір жылда қайталанса, жеке тұлғаларға – 15 АЕК айыппұл салынады. Жеке табыс салығы бойынша декларацияда толық емес немесе нақты мәліметтер ұсынылмаса, бірінші рет ескерту жасалады. Жағдай бір жыл ішінде қайталанса, онда 3 АЕК салынады, - дейді сала мамандары.