Жалпыға бірдей декларациялау: Кімдер және қашан тапсырады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биылдан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы кезеңі енгізілді. Алдағы бес жылда еліміздің барлық азаматы декларация тапсыратын болады. Ол қалай жүзеге асырылады және мақсаты не? Қандай мүлік пен табыс декларациялануы тиіс? Осы сауалдарға Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Мемлекеттік қызметтер департаментінің Жалпыға бірдей декларациялау басқармасының басшысы Дина Құсаинова жауап берді. 

Тілші: Жалпыға бірдей декларациялаудың негізігі мақсаты қандай?

Дина Құсаинова: Жалпыға бірдей декларациялау ел азаматтары мен мемлекет аппаратының арасындағы диалогтың заманауи формасын қамтамасыз ету үшін енгізілді.

Осының негізінде халықтың кірістері ғана емес, әлеуметтік шығындарының салық шегерімдері туралы да ақпарат қалыптасады. Нәтижесінде ақпаратты толық анализден өткізіп, халықтың жағдайын толыққанды көруге мүмкіндік туады. Оны егжей-тегжей талдағаннан кейін, әлеуметтік осал топтары анықталады. Сонымен қатар жалпыға бірдей декларациялауға көшу мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етіп, лауазымды адамдардың заңсыз баюын бақылау және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Тілші: Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінде кімдер кірістері туралы есеп берулері тиіс?

Дина Құсаинова: «Салық кодексіне» сәйкес, жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізіледі. Оның бірінші кезеңі биыл 1 қаңтардан басталды. Соған сәйкес, декларацияны:

- жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар және олардың жұбайлары;

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайлары;

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілгендер мен олардың жұбайлары;

- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚР заңдарына сәйкес міндеттелген тұлғалар тапсырады.

Тілші: Одан кейінгі кезеңдер қай кезде қолданысқа енгізіледі және қай санаттағы азаматтар декларация тапсыратын болады? 

Дина Құсаинова: Бірінші кезең осы жылдың 1 қаңтарынан басталды. Бұл кезеңде мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары қамтылатынын айттық.

Екінші кезеңде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары үшін бастапқы декларациялау көзделген.

Үшінші кезең – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларациялаумен заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары қамтылады.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап төртінші кезең – халықтың қалған санаттары үшін жалпыға бірдей декларациялауға толық көшу мақсаты қойылған.

Тілші: Әр кезеңдерде декларацияның қандай формалары тапсырылатын болады?

Дина Құсаинова: Төрт кезеңде барлық жеке тұлға ең алғаш «Активтер мен міндеттемелер туралы» декларацияны (250.00-нысанын) тапсырады.

«Активтер мен міндеттемелер туралы» декларациядан кейін, келесі жылдары жеке тұлғалардың күнтізбелік жыл ішінде, оның ішінде Қазақстан шегінен тыс жерлерде алынған кірістері туралы ақпаратты көрсетуге, сондай-ақ мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын, оның ішінде Қазақстан шегінен тыс мүлікті сатып алуға немесе иеліктен шығаруға арналған «Кірістері мен мүлкі туралы» декларациясы (270.00-нысаны) енгізіледі. Бірақ «Кірістері мен мүлкі туралы» декларацияны (270.00-нысаны) барлық тұлға емес, тек Салық кодексімен қарастырылған жеке тұлғалар тапсырады.

Тілші: Жаңа заң бойынша қандай мүлік пен зат, банк шотындағы қанша сома декларациялануы тиіс?

Дина Құсаинова: 1) «Активтер мен міндеттемелер туралы» декларацияда (250.00-нысан) жеке тұлғалардың Қазақстанда және оның шегінен тыс жерлердегі:

- құқықтары және (немесе) мәмілелері шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге жататын мүлкі:

- жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және (немесе) жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» жүзу кемелері; көлік құралдары, арнайы техника және (немесе) тіркемелер;

- барлық банк салымы бойынша «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомадағы Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақша көрсетілу тиіс.

2) Қазақстан Республикасындағы және одан тыс жерлердегі мүлік:

– тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісім бойынша тұрғын үйдегі үлес;

– Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;

– туынды қаржы құралдары (туынды қаржы құралдарын қоспағанда, олардың орындалуы базалық активті сатып алу немесе сату арқылы жүзеге асырылады);

– инвестициялық алтын;

– зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқық;

– «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген және декларация ұсынылған жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша қолданыстағы айлық есептік көрсеткіштің 10000 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде көрсетілген қолма-қол ақша;

– банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы заңнамасына сәйкес құрылған берешегін қоспағанда, міндеттемелердің немесе талаптардың туындауына негіз болып табылатын нотариат куәландырған шарт немесе өзге де құжат болған кезде жеке тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі және жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі;

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда (250.00-нысан) «Қазақстанның бағалау қызметі туралы» заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн болған кезде, осы мүліктің бірлігі үшін баға республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің  31 желтоқсанында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асып кеткен жағдайда жеке тұлғаның қалауы бойынша басқа мүлік көрсетілуі мүмкін. 

Бұл ереже мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікке, сондай-ақ құқықтары және мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікке қатысты қолданылмайды.

Тілші: Декларация қайда тапсырылады және оның мерзімі бекітілген бе? 

Дина Құсаинова: Декларацияны азаматтар тұрғылықты жері бойынша тапсырады:

1) Қағаз жеткізгіште тапсырған жағдайда – декларацияны тапсыру міндеттемесі туындаған ағымдағы жылғы 15 шілдеден кешіктірмей;

2) Электронды түрде тапсырған жағдайда – декларацияны тапсыру міндеттемесі туындаған ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тапсыру қажет.

Декларацияны тапсыру мерзімдері келесі декларация тапсыратын тұлғаларға қолданылмайды:

- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес сайланбалы лауазымдарға кандидаттар;

- мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оларға теңестірілген функцияларды орындаумен байланысты лауазымға кандидаттар және олардың жұбайы;

- «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңдарына сәйкес банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы, инвестициялық портфельді басқарушы болғысы келетін тұлғалар. 

Тілші: Декларация тапсырылмаған жағдайда азамат қандай жауапкершілікке тартылады?

Дина Құсаинова: Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 272-бабына сәйкес:

1. Мемлекеттік кіріс органына салық есептілігін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда ескерту жасалады.

2. Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген іс-әрекетті қоспағанда, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – жеке тұлғаларға - он бес, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - қырық бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жетпіс айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

2-1. Салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есепке жазуға әкеп соғатын жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда, кірістер мен мүлік туралы декларацияда, жеке табыс салығы бойынша декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді ұсыну - ескерту жасауға әкеп соғады.

2-2. Осы баптың 2-1-бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер - үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

Тілші: Декларацияны тапсыру үшін салық органдарына бару міндетті ме?

Дина Құсаинова: Декларацияны мемлекеттік кіріс органдарына не Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып тапсыруға болады. Сонымен қатар электрондық түрде салық төлеушінің кабинеті арқылы ұсынуға болады (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz), сондай-ақ «e-Salyq Azamat» және «eGov mobile» мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы