Жалпы ішкі өнімдегі туризмнің үлесін 8% жеткіземіз – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды жаңа жылмен құттықтады. 

Құрметті достар!
Сіздерді келе жатқан жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін, әсіресе мәдениет және спорт саласы үшін табысты, берекелі жыл болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың ұдайы қолдауының, қамқорлығының арқасында мәдениет пен өнер саласында жыл сайын жаңа есімдер ашылып, ұлт руханиятының алға басуына куә болған тағы бір жемісті жылды артқа тастайын деп тұрмыз. 
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында келер жылдан мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтардың, кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуге тапсырма берді. Міне, сол сүйінші жаңалықтың шарапатын көруге де санаулы күндер қалды. Сондай-ақ, мәдениет саласының өкілдері бұдан былай білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктерге де ие болмақ. 

Спорт және дене шынықтыру, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау туралы қабылданған заңдар елдегі допингпен күрес, мәдени мұраларымызды қорғау ісіне өз үлесін қосатынына сенімдімін. Алдағы жыл да осындай ақжолтай жаңалықтарға толы жыл болсын! 

Биыл туризм саласын дамыту бойынша 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Бұл құжат елдің жалпы ішкі өніміндегі туризмнің үлесін 8 процентке жеткізу, Қазақстанға түрлі мақсатпен келушілердің санын 9 миллионға ұлғайту сияқты мақсат-міндеттер жүктейді. Мемлекеттің қолдауымен алдағы жылда туризм саласында да елеулі табыстарға қол жеткіземіз деген сенімдемін. 

Санаулы сәттерден соң әрбір шаңырақтың төрінен орын алатын Жаңа жыл отбастарыңызға құт-береке, сәттілік пен табыс, қуаныш пен бақыт, мейірім мен махаббат, байлық пен қанағат әкелсін! 

Рухы биік Қазақ Елінің әлемдік қауымдастық алдындағы даңқы артып, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани тұрғыда әрқашан мерейі үстем бола берсін!
Жаңа Жылдарыңызбен, достар! - деп құттықтады министр. 
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы