8 Қараша 2026, 16:30 Фото: istockphoto.com

«Жалғыздық пандемиясы»: Цифрлық дәуірдің көрінбейтін дерті

Мыңдаған оқырманы, жүздеген виртуалды танысы бар адамның өзі кейде ішкі жалғыздықты сезінуі мүмкін. Әсіресе цифрлық ортада өсіп келе жатқан зумерлер үшін онлайн байланыс күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда виртуалды араласу шынайы адами жақындықтың орнын баса ала ма? Ұзаққа созылған жалғыздық адамның психикасына ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығына да әсер етуі мүмкін бе? BAQ.KZ тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Байланыс көбейгенімен, жақындық неге азайды?

Бүгінде адаммен байланыс орнату үшін оның жанында жүрудің қажеті жоқ. Бірнеше секундта хабарлама жіберуге, бейнеқоңырау шалуға, әлеуметтік желі арқылы жүздеген адаммен араласуға болады. Бірақ қарым-қатынас мүмкіндігінің артуы адамдардың бір-біріне жақындай түскенін білдірмейді. Өйткені байланыста болу мен өзін түсінетін, тыңдайтын адамның бар екенін сезіну – екі бөлек нәрсе.

Психолог Сымбат Әбдірахманованың айтуынша, жалғыздық көбіне адамның айналасында ешкімнің болмауынан емес, өзін түсінетін және қабылдайтын жан жоқтай сезінуінен туындайды.

Қазіргі қоғамда адамдардың бір-бірімен байланысу мүмкіндігі көбейді, бірақ байланыстың көп болуы әрдайым эмоционалдық жақындықты білдірмейді. Біз кез келген уақытта хабарлама жібере аламыз және әлеуметтік желіде көптеген адаммен байланыстамыз. Алайда жалғыздық көбіне адамның айналасында адамдардың болмауынан емес, өзін түсінетін, тыңдайтын және қабылдайтын адам жоқтай сезінуден туындайды. Бұған өмір қарқынының жылдамдығы, эмоционалдық шаршау, әлеуметтік желідегі салыстыру және өз сезімдерін ашық білдіруден қорқу әсер етуі мүмкін. Сондықтан жалғыздықты әлсіздік емес, адамның эмоционалдық қажеттіліктеріне назар аудару керектігін білдіретін белгі ретінде қарастырған дұрыс, – дейді психолог.

Маманның сөзінше, адамның айналасында достары мен жақындарының көп болуы оның өзін жалғыз сезінбейтініне кепіл емес. Мұнда адамдардың саны емес, олардың арасындағы қарым-қатынастың сапасы маңызды.

Адамның айналасында қанша адам болғанынан гөрі, сол адамдармен қарым-қатынасының қаншалықты сенімді және жақын екені маңызды. Эмоциялық жалғыздық – адамның өз сезімдерімен, қорқыныштарымен және уайымдарымен бөлісе алатын сенімді адамы жоқтай сезінуі. Мысалы, адамның достары көп болуы мүмкін, бірақ ол сын естуден, түсінбеушіліктен немесе қабылданбаудан қорқып, өзінің шынайы мәселелерін ешкімге айта алмауы ықтимал. Жасөспірімдік кезеңде құрдастармен қарым-қатынас, әлеуметтік қабылдану және қолдау психикалық әл-ауқат үшін ерекше маңызды. ЮНИСЕФ материалдарында балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығына қарым-қатынас, әлеуметтік орта және өмір жағдайлары ықпал ететіні атап көрсетіледі, – дейді Сымбат Әбдірахманова.

Демек, жалғыздықты адамның әлеуметтік ортасындағы адамдардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Кейде адам күн сайын көпшілікпен араласып жүрсе де, ішкі ойын бөлісетін, қиын сәтте сүйенетін жан таппайды. Психолог мұны эмоционалдық жалғыздық деп түсіндіреді.

Зумерлердің жалғыздығы – ұрпақ ерекшелігі ме, әлде қоғам өзгерісінің көрінісі ме?

Зумерлер – цифрлық технологиялар күнделікті өмірге кеңінен енген кезеңде өскен ұрпақ. Олар үшін онлайн және офлайн қарым-қатынас бір-бірінен бөлек екі әлем емес, бір әлеуметтік кеңістіктің құрамдас бөлігі. Сондықтан олардың байланыс орнату тәсілін алдыңғы буынның тәжірибесімен ғана бағалау дұрыс бола бермейді.

Әлеуметтанушы Дулат Өтеғалидің пікірінше, жалғыздықты тек адамның жеке мінез-құлқымен немесе технологияны пайдалану ерекшелігімен түсіндіруге болмайды. Оның түп-тамырын қоғамдағы әлеуметтік байланыстардың өзгеруінен де іздеу қажет.

Қазіргі қоғамда отбасы, көршілік, еңбек ұйымы және басқа да дәстүрлі әлеуметтік институттардың адамдарды біріктіру мүмкіндіктері өзгеріп жатыр. Бұрын адамның әлеуметтік ортасы кеңірек болса, қазір адамдар жұмыс орнын, тұрақты мекенін және қарым-қатынас ортасын жиі ауыстырады. Сондықтан жалғыздықты адамның жеке ерекшеліктерімен ғана түсіндіруге болмайды деп ойлаймын. Бұл мәселе қоғамдағы әлеуметтік ынтымақтастықтың, өзара сенімнің және адамдар арасындағы байланыстың сапасымен тікелей байланысты. Мысалы, алдыңғы буындар үшін қарым-қатынаста офлайн кездесу, яғни физикалық жүздесу маңыздырақ болса, зумерлер үшін онлайн және офлайн байланыс бірдей әлеуметтік кеңістіктің бөлігі болып саналады. Мәселе жастардың технологияны пайдалануында емес, виртуалды қарым-қатынастың шынайы эмоционалдық қолдауды қаншалықты қамтамасыз ете алатынында, – дейді әлеуметтанушы.

Оның пайымдауынша, жалғыздықты тек жастарға тән құбылыс ретінде қарастыру да дұрыс емес. Бұл – қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың өзгеруімен байланысты кең ауқымды мәселе.

Психолог та зумерлердің психологиялық қиындықтарын тек цифрлық технологиялардың әсерімен немесе белгілі бір ұрпақтың ерекшелігімен байланыстыруға қарсы. Оның айтуынша, жастардың эмоционалдық жағдайына бірнеше фактор қатар ықпал етеді.

Қазіргі жастар цифрлық ортада өсіп келеді. Онлайн қарым-қатынас пен әлеуметтік желілер олардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған. Бірақ жастардың психологиялық қиындықтарын тек технологиямен немесе белгілі бір ұрпақтың "ерекшелігімен" түсіндіру дұрыс емес. Оларға отбасылық қарым-қатынас, құрдастармен байланыс, оқу жүктемесі, болашаққа қатысты белгісіздік, қоғамның жоғары талаптары және басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Әлеуметтік желідегі салыстыру мен құрдастардың бағасына алаңдау кейбір жастар үшін қосымша қысым тудырады. Сондықтан мәселе бұл ұрпақтың әлсіздігінде емес, олардың өсіп келе жатқан әлеуметтік және цифрлық ортасының өзгеруінде, – дейді Сымбат Әбдірахманова.

Мінсіз өмірдің ар жағындағы көрінбейтін қысым

Әлеуметтік желіде адамдар көбіне өмірінің ең сәтті, әдемі әрі есте қаларлық сәттерін көрсетеді. Бірі саяхатын, енді бірі жетістігін, тағы бірі мінсіз отбасылық өмірін жариялайды. Мұндай көріністерді күн сайын бақылап отырған адам өз өмірін өзгелермен салыстыруы мүмкін. Әсіресе құрдастарының бағасына мән беретін жасөспірімдер үшін бұл қосымша психологиялық қысымға айналуы ықтимал.

Психолог әлеуметтік желідегі көріністердің адамның шынайы өмірін толық бейнелей бермейтінін ескеру қажет екенін айтады.

Әлеуметтік желіде біз көбіне адамдар өмірінің таңдап алынған сәттерін көреміз. Сондықтан ондағы көрініс адамның күнделікті өмірін толық көрсете бермейді. Өз өмірін осындай мінсіз көріністермен үнемі салыстыру кейбір адамдардың, соның ішінде жасөспірімдердің, өзін-өзі бағалауына кері әсер етуі мүмкін. Лайк пен пікір сияқты сыртқы реакциялар кейбір жастар үшін өзін бағалаудың маңызды өлшеміне айналып кетуі ықтимал. Сондықтан балалармен әлеуметтік желідегі танымалдық адамның шынайы құндылығын анықтамайтыны және интернеттегі контент әрдайым толық шындықты көрсетпейтіні туралы сөйлесу маңызды, – дейді маман.

Бұл ретте мәселе әлеуметтік желіден толық бас тартуда емес. Өйткені онлайн байланыс адамдарға бір-бірінен алыста жүрсе де араласуға, ортақ қызығушылығы бар адамдарды табуға, жақындарымен қарым-қатынасын сақтауға мүмкіндік береді. Алайда виртуалды ортадағы белсенділік адамның шынайы өмірде де эмоционалдық қолдауға ие екенін білдірмейді.

Сымбат Әбдірахманова онлайн және офлайн қарым-қатынасты бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ екенін атап өтті. Екеуінің де өз орны бар.

Онлайн қарым-қатынас пайдалы болуы және әлеуметтік байланысты сақтауға көмектесуі мүмкін. Ол алыстағы жақындармен сөйлесуге, жаңа адамдармен танысуға және ортақ қызығушылығы бар қауымдастықтарды табуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бетпе-бет қарым-қатынаста дауыс ырғағы, мимика және басқа да вербалды емес белгілерді байқау мүмкіндігі көбірек болады. Сондықтан онлайн және офлайн қарым-қатынасты бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ. Ең маңыздысы – адамның өзін қолдайтын, тыңдайтын және сенетін адамдармен сапалы байланысының болуы. Әсіресе балалар үшін өз мәселесін айта алатын және оны сынамай тыңдайтын сенімді ересек адамның болғаны маңызды, – дейді психолог.

Жалғыздық адамның денсаулығына қалай әсер етеді?

Ұзақ уақыт бойы жалғыздық сезіну адамның көңіл күйіне ғана емес, жалпы психологиялық әл-ауқатына да әсер етуі мүмкін. Мазасыздық, күйзеліс, ұйқының бұзылуы, депрессиялық белгілер – осындай қиындықтармен қатар жүруі ықтимал. Дегенмен психолог жалғыздықты аталған жағдайлардың жалғыз немесе тікелей себебі ретінде қарастыруға болмайтынын ескертеді.

Ұзақ уақытқа созылған жалғыздық адамның психикалық әл-ауқатына әсер етуі мүмкін. Ол мазасыздық, күйзеліс, ұйқының бұзылуы және депрессиялық белгілер сияқты қиындықтармен қатар жүруі ықтимал. Дегенмен жалғыздықты бұл жағдайлардың жалғыз немесе тікелей себебі деп қарастыруға болмайды.Балаларда эмоционалдық қиындықтар әртүрлі көрінуі мүмкін: бала тұйықталуы, бұрын ұнатқан істеріне қызығушылығын жоғалтуы, ашушаң болуы немесе достарымен араласудан бас тартуы мүмкін, – дейді Сымбат Әбдірахманова.

Психолог балалар мен жасөспірімдердің психологиялық жағдайына қатысты ЮНИСЕФ Innocenti орталығының 2021 жылғы «Life in Lockdown» шолуына да назар аударды. Зерттеу 22 елдегі 130 мыңнан астам бала мен жасөспірім туралы деректерді қамтыған.

Онда пандемиялық шектеулер жағдайында стресс, мазасыздық және депрессиялық белгілердің артқаны, сонымен қатар кейбір балалардың цифрлық медиа арқылы әлеуметтік байланысын сақтағаны көрсетілген. Баланың жағдайына оның қарым-қатынастары, өмірлік жағдайлары және бұрыннан бар қиындықтары сияқты көптеген факторлар әсер етуі мүмкін. Сондықтан мінез-құлықтағы немесе көңіл күйдегі тұрақты өзгерістерді елемей қалмаған дұрыс, – дейді маман.

Оның айтуынша, жалғыз қалу мен жалғыздық сезіну де екі бөлек жағдай. Кейбір адамдар үшін жалғыз қалу – демалып, ой жинақтап, күш-қуатын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін қалыпты қажеттілік. Ал адам қарым-қатынасты қаласа да, өзін ұзақ уақыт бойы жалғыз, қабылданбаған немесе қолдаусыз сезінсе, оған назар аудару керек.

Егер мұндай сезім адамның күнделікті өміріне, оқуына, жұмысына, ұйқысына немесе өзгелермен қарым-қатынасына айтарлықтай әсер ете бастаса, психологқа не басқа білікті маманға жүгінген жөн. Үмітсіздік, өмірге қызығушылықтың жоғалуы немесе өзіне зиян келтіру туралы ойлар байқалса, мұны елемеуге болмайды. Мұндай жағдайда адамды жалғыз қалдырмай, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дереу кәсіби немесе шұғыл көмекке жүгіну маңызды.

Психологқа жүгіну үшін жағдайдың өте ауыр болуын күтудің қажеті жоқ. Көмекті ертерек сұрау мәселенің тереңдеуінің алдын алуға көмектеседі, – дейді Сымбат Әбдірахманова.

Жалғыздық демографиялық үдерістер мен қоғам тұрақтылығына әсер ете ме?

Жалғыздық мәселесін жеке адамның эмоциялық жағдайымен ғана шектеуге болмайды. Әлеуметтанушы Дулат Өтеғали оның қоғамдағы әлеуметтік байланыстарға, өзара сенімге және қоғамдық өмірге қатысуға ықпалын да назардан тыс қалдырмау керектігін айтады.

Оның пікірінше, бұл құбылысты демографиялық үдерістермен де байланысты қарастыруға болады. Алайда некеге тұру жасының ұлғаюы немесе бала туу көрсеткішінің төмендеуі сияқты өзгерістерді тек жалғыздықпен түсіндіру дұрыс емес. Мұнда экономикалық жағдай, тұрғын үйдің қолжетімділігі, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктер мен өмірлік құндылықтардың өзгеруі де маңызды рөл атқарады.

Біріншіден, бұл демографиялық процестермен де тікелей байланысты. Алайда некеге тұру жасының ұлғаюын немесе бала туу көрсеткішінің төмендеуін тек жалғыздықпен түсіндіруге болмайды. Оны осы үдерістерге әсер ететін факторлардың бірі ретінде қарастыруға болады. Мұнда экономикалық жағдай, тұрғын үйдің қолжетімділігі, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктер мен өмірлік құндылықтардың өзгеруі сияқты факторлар маңызды рөл атқарады.

Екіншіден, жалғыздық қоғам тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Себебі әлеуметтік байланыстардың әлсіреуі адамдардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндігін шектеп, қоғамдағы өзара сенім деңгейін төмендетуі ықтимал, – дейді Дулат Өтеғали.

Әлеуметтанушының пайымдауынша, қоғамның тұрақтылығын тек экономикалық көрсеткіштермен өлшеу жеткіліксіз. Адамдардың бір-біріне сенуі, ортақ іске араласуы және өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуі де маңызды.

Әлеуметтанулық тұрғыдан алғанда, қоғам тұрақтылығы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, адамдардың бір-біріне қаншалықты сенетінімен және өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуімен де өлшенеді, – дейді ол.

Осы тұрғыдан алғанда, жалғыздықтың күшеюі – жеке адамдардың ғана емес, тұтас қоғамның назарын қажет ететін мәселе. Өйткені адамдар арасындағы байланыс әлсіреген сайын ортақ мүдде төңірегінде бірігу, қоғамдық бастамаларға қатысу және бір-біріне қолдау көрсету мүмкіндіктері де шектелуі ықтимал.

Жалғыздықпен күрес тек психологтың міндеті емес

Жалғыздықты жеңу үшін адамға «көбірек аралас» немесе «телефонды аз қолдан» деп кеңес беру жеткіліксіз. Мәселенің шешімі адамның өз ортасынан бастап, білім беру ұйымдары мен қоғамдық институттарға дейінгі бірнеше деңгейде қарастырылуы керек.

Сымбат Әбдірахманова жастарға өз сезімдерін мойындаудан қорықпауға, сенімді адаммен ашық сөйлесуге, қызығушылықтарына сай қауіпсіз орта табуға және қажет болған жағдайда маман көмегіне жүгінуге кеңес береді.

Ең алдымен, жастар өз сезімдерін мойындаудан қорықпауы керек. Жалғыздық сезіну ұят емес және адамның әлсіздігін білдірмейді. Жастарға өз сезімдерін түсінуге, сенімді адаммен ашық сөйлесуге, қызығушылықтары бойынша қауіпсіз орта табуға және қажет болған жағдайда психологқа немесе басқа білікті маманға жүгінуге кеңес беруге болады. Ата-аналар балаға бірден ақыл айтуға немесе оның сезімін жоққа шығаруға асықпағаны дұрыс. Кейде балаға ең алдымен оны сынамай тыңдайтын адам қажет. Бала "мені ешкім түсінбейді" десе, "бос сөз айтпа" немесе "сенде бәрі бар ғой" деудің орнына: "Сені не мазалап жүр? Айтып берші, мен сені тыңдауға дайынмын", – деп жауап берген пайдалы, – деп түсіндірді психолог.

Маман баланың психикалық денсаулығын қамтамасыз ету тек психологтың міндеті емес екенін де атап өтті. Бұл ретте отбасы, мектеп, денсаулық сақтау жүйесі мен қоғамның ортақ жауапкершілігі бар.

Осы бағытта ЮНИСЕФ Қазақстанда Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерімен бірлесіп, балалардың психикалық денсаулығын нығайту және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағдарламасын бес пилоттық өңірде жүзеге асырып жатыр.

Бағдарлама аясында "Сенімді дос" және "Жеңіл" бағдарламалары, әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларды дамыту дәрістері енгізілуде. Сонымен қатар ата-аналарды, мектеп және колледж психологтарын, педагогтерді, дәрігерлер мен емхана мамандарын оқыту жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы негізгі мақсат – ата-ананың баланың эмоционалдық жағдайын түсінуін, мамандардың психологиялық қиындықтарды ерте байқауын және балаға қажетті көмектің уақытында көрсетілуін қамтамасыз ету. Менің ойымша, баланың психикалық денсаулығы тек мамандардың ғана жауапкершілігі емес. Бұл – жалпы қоғамның ортақ міндеті, – дейді Сымбат Әбдірахманова.

Ал әлеуметтанушы Дулат Өтеғали әлеуметтік байланысты нығайту үшін білім беру ұйымдарының, қоғамдық кеңістіктер мен азаматтық бастамалардың рөлін арттыру қажет деп санайды. Оның пікірінше, оқу орындары академиялық білім берумен ғана шектелмей, студенттердің әлеуметтік дағдыларын, эмоционалдық сауаттылығын және қоғамдық іс-шараларға қатысу мүмкіндіктерін дамытуға да көңіл бөлуі керек.

Сонымен қатар қоғамда еріктілік мәдениетін, көршілік қарым-қатынасты және қоғамдық байланыстарды нығайту маңызды. Алдағы 10–20 жылда бұл мәселе одан әрі күшейе берсе, азаматтық қоғамды дамыту мен әлеуметтік саясаттың негізгі мәселелерінің біріне айналуы мүмкін. Негізі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да әлеуметтік байланыстардың маңызын макродеңгейде, жаһандық деңгейде көтеріп отыр. Бұл мәселенің тек жеке адамның көңіл күйіне қатысты емес екенін көрсетеді, – дейді әлеуметтанушы.

Дулат Өтеғалидің айтуынша, әлеуметтік интеграцияны күшейту үшін адамдардың бір-бірімен байланыс орнатуына мүмкіндік беретін орталар да қажет. Бұл – жастар орталықтары, кітапханалар, спорттық мекемелер мен қоғамдық іс-шаралар. Мұндай орындар кеңінен ашылып қана қоймай, тұрғындардың нақты сұранысына ие болуы керек.

Оның пайымдауынша, қоғамның болашақтағы даму көрсеткіштерінің бірі технологиялық жетістіктермен ғана өлшенбеуі мүмкін.

Болашақта қоғам дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі адамдардың қаншалықты цифрланғаны емес, олардың бір-бірімен қаншалықты тығыз әлеуметтік байланыс орната алатыны болуы мүмкін, – деп түйіндеді Дулат Өтеғали.

Демек, цифрлық дәуірдегі басты сын-қатер адамдардың байланыс мүмкіндігінің аздығында емес, сол байланыстың шынайы жақындық пен өзара қолдауға ұласуында болып отыр.