"Жалғыз пингвин" феномені: Мотивация ма, әлде биологиялық ауытқу ма?
Соңғы күндері әлеуметтік желіде жалғыз пингвиннің тауға қарай бет алған видеосы кеңінен тарап, жаһандық интернет-трендке айналды. Бір қарағанда қарапайым кадр ретінде көрінетін видео желі қолданушылары арасында философиялық, психологиялық және саяси мағынамен қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тренд қалай басталды?
Таралған видео жаңа түсірілген кадр емес. Ол 2007 жылы неміс режиссері Вернер Херцог түсірген Encounters at the End of the World деректі фильмінен алынған. Кадрда Adélie пингвиндерінің бірі өз тобы мен мұхит бағытын емес, Антарктиканың ішкі таулы аймағына қарай жалғыз кетіп бара жатқаны бейнеленеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай мінез-құлық пингвиндер үшін қалыпты құбылыс саналмайды.
Ғылыми тұрғыда бұл жағдай бағытынан адасу, ауру немесе инстинктивті ауытқу секілді факторлармен түсіндіріледі. Алайда интернет кеңістігінде бұл көрініс биологиялық құбылыстан гөрі символикалық мағынамен қабылданды.
Психологиялық және философиялық мағынасы ше?
Әлеуметтік желі қолданушылары видеоны жалғыздық, күйзеліс, қоғамнан оқшаулану, жүйеден шаршау немесе өмірдің мәнін қайта іздеу секілді ұғымдармен байланыстырды. Осылайша видео "Nihilist Penguin" ("Нигилист пингвин") атауымен тарай бастады.
Психологтар мұндай құбылысты проекция арқылы түсіндіреді. Яғни адамдар өз ішкі эмоциялық күйін, белгісіздік пен сенімсіздігін бейтарап бейнеге – жануарға жүктейді. Осы себепті жалғыз пингвин бейнесі көпшілікке эмоционалды тұрғыда әсер етіп, трендке айналды.
Философиялық тұрғыдан алғанда, кей қолданушылар пингвинді көпшілікке ермей, өз жолын таңдаған символ ретінде қабылдаса, енді біреулер бұл мағынаны асыра сілтеу деп бағалайды.
Трамп факторы және трендтің саясилануы
Трендтің ауқымы кеңейіп, оған саясат та араласты. АҚШ-тың Дональд Трамп командасына жақын әлеуметтік желідегі аккаунттар жалғыз пингвинге қатысты AI-генерацияланған сурет жариялады. Онда Трамп пингвинмен бірге мұзды тауларға қарай жүріп бара жатқан кейіпте бейнеленген.
Жазба желіде бірден резонанс тудырды. Қолданушылардың бір бөлігі мұны саяси сатира немесе символикалық ишара ретінде қабылдаса, енді біреулер географиялық сәйкессіздікке назар аударды. Себебі пингвиндер Гренландияда емес, Оңтүстік жарты шарда өмір сүреді. Осы жайт постқа қатысты әзіл мен сынның көбеюіне себеп болды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам интернет-трендтің саяси контекске еніп, мемнен саяси коммуникация құралына айналғанын көрсетті. Осыдан кейін «жалғыз пингвин» бейнесі тек әлеуметтік немесе философиялық символ ғана емес, саяси сарказм элементі ретінде де қабылдана бастады.
Қазіргі таңда жалғыз пингвин бейнесі әртүрлі мағынада түсіндіріліп отыр. Бірі оны қазіргі адамның ішкі күйінің көрінісі десе, енді бірі философиялық метафора ретінде қабылдайды. Ал кей қолданушылар бұл интернеттің кезекті әсірелеуі екенін алға тартады.
Дегенмен трендтің қысқа уақыт ішінде жаһандық деңгейде таралуы қоғамдағы жалпы көңіл күйді, белгісіздік пен шаршауды бейнелейтін индикатор ретінде бағаланып отыр.