Жалғыз ғана жол ол – жеңіске жету

Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында соңғы екі матчын өткізеді. 17 қарашада Магомед Адиевтің шәкірттері Астана-Арена стадионында Сан-Мариноны қабылдайды. Үш күннен кейін 21 қараша күні сырт алаңда Словениямен қарсы ойын өткізеді. Осы орайда Ұлттық құраманың екі ойын барысындағы жеңіске деген мүмкіндігі жайлы спорт журналисі, сарапшы Асқар Хамиденмен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Еуро-2024 іріктеу ойындарына екі ойын қалды. Финалдық ойынға теңеп жатыр. Мүмкіндігі қандай?

Мүмкіндігіміз тек бізге байланысты емес. Қазақстан құрамасында жалғыз ғана жол бар. Ол қалған екі кездесуде жеңіске жету. Ұлттық құраманың біршама ойыншылары 2 аптадан астам ойын тәжірибесіне ие бола алмай қалды. Өзге елде ойнайтын жігіттер құрама сапына кеше ғана қосылды. Дегенмен, Магомед Әдиев құрама ойыншыларын 6 қарашадан бастап Астанада жинап, оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Қазақстан жастар құрамасына қарсы жолдастық кездесу де өткізіп үлгерді. Өз алаңымызда өтетін Сан-Мариноға қарсы кездесуде қосалқы құрамда жүрген жігіттер мүмкіндік алады деген ойдамын. Себебі, Исламбек Қуат пен Максим Самородов сары қағаздарының көптігіне байланысты алаңға шыға алмаса, команда капитаны Асхат Тағыберген мен құрамамыздың үздік сұрмергені Бахтиер Зайнутдинов жарақаттарына байланысты құрама сапына қосылған жоқ. Сондай-ақ, Марат Быстров, Рамазан Оразов және Нұрәлі Әліп аталған кездесуде сары қағаз алған жағдайда, Словенияда құрамаға көмектесе алмайды. Менің ойымша, бас бапкер осы жағдайдың барлығын бағамдап, нәтижеге әсер етпейтін, екі жақты нақты шешім қабылдайды деген ойдамын. Әрине, өз алаңымызда өтетін Сан-Мариноға қарсы кездесуде бізге жеңіс ауадай қажет. Құрама команда үшін де ең маңызды ойын осы. Қарсыласты бағаламау деген дүние ойыншылар тарапынан орын алмауы керек.

- Бақтиер Зайнутдинов пен Асхат Тағыбергеннің жоқтығы қаншалықты әсер етеді?

Іріктеу кезеңдері басталған уақыттан бері құраманы алға сүйреп жүрген жігіттердің, шешуші ойындар алдында жарақат алғаны өте өкінішті. Екі азаматқа да тезірек жарақаттарынан жазылып, қатарға қосылуын тілеймін. Әрине, құрамының көшбасшы ойыншыларының болмауы, Әдиев бапкерді тығырыққа тірегені анық. Дегенмен, олардың орнын баса алатын ойыншылар құрама сапында бар. Сол жігіттер жауапкершілікті өз мойындарына алып, жасыл алаңда барын салады деген сенімдемін. Естуімше, Асхат командамен бірге өз алаңымыздағы да, сырт алаңдағы ойында да бірге болады. Ол жігіттерді барынша психологиялық, эмоционалдық тұрғыда қолдайды деген ойдамын.

- Осы ойыншы гол салуы мүмкін деп пікір айтып жатады. Кімнен гол күтеміз?

Рамазан Оразов, Абат Айымбетов, Ислам Чесноков, Абзал Бейсебеков және Исламбек Қуаттан гол күтемін. Асхат алаңға шыға алмағандықтан, екі кездесуде де Абзал Бейсебеков капитандық міндетті атқаратын шығар. «Астана» футбол клубы сапында конференция лигасының сырт алаңдағы «Балкани» ұжымына қарсы кездесуде жеңіс голын соққан азамат, ұлттық құраманы да өрге сүйрейді деген ойдамын. Сондай-ақ, кішігірім жарақаты болған Ян Вороговский қатарға оралса, ол жігіт те жауапкершілік жүгін арқалап, құраманы өрге сүйреуі тиіс. Сондай-ақ, Иван Свиридов, Рамазан Каримов және Владислав Прокопенко негізгі тізімге ілініп, өздеріне тиесілі ойын тәжірибесіне ие болған жағдайда, гол соғуы мүмкін. Мен бірнеше жылдан бері осы жас ойыншылардың ойынын бақылап келемін. Оларда потенциал бар. Сан-Марино сияқты құрамаларға қарсы кездесуде, осы жігіттер нәтиже әкеледі деген ойдамын.

- Қазақ футболына жанкүйерлердің көзқарасы өзгерді ме?

Ұлттар Лигасы, Еуро іріктеу ойындарындағы Ұлттық құраманың жеңістері жанкүйерлерге жаңа сенім ұялатқаны анық. Оны стадионға жиналған көрермендердің санынан, әлеуметтік желілердегі талқылаулардан анық аңғаруға болады. Енді, жігіттер алдағы екі кездесуде жеңіске жету арқылы ол сенімді, шындыққа айналдыратын мүмкіндік туып тұр. Соны барынша пайдалану керек. Мен сенемін. Қалың қазақ жанкүйері де кәрі құрлықтың басты додасының негізгі кезеңінде Ұлттық құрама ойнайды деген жалт еткен үмітке сенеді. Барлық жанкүйерлерді құраманы қолдап, жігіттерге қолдау көрсетуге шақырамын.

Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы