Жалған рецептімен алып отырған: 71 жастағы әйел "Трамадол" сақтағаны үшін ұсталды
Ақмола облысында 71 жастағы әйел трамадол сақтағаны үшін ұсталды. Ол бірнеше жыл бойы жалған рецепт жасап, күшті дәріні дәріханалардан алып отырған. "Дәрмек" операциясы кезінде өңірде тағы да фармацевтикалық заңбұзушылықтар әшкереленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Анықталғандай, әйел наркологиялық немесе психиатриялық есепте тұрмаған. Оның айтуынша, күшті ауырсынуды басатын дәріге тәуелділік аяқ сүйегін сындырғаннан кейін қалыптасқан. Бұған дейін "Трамадолды" қатерлі ісікке шалдыққан жұбайы қабылдаған. Уақыт өте келе әйелдің өзі де бұл дәріге үйреніп кеткен. Жолдасы қайтыс болған соң, ол препаратты қабылдауды жалғастырып, рецептілерді өзі қолдан жасап, дәріханалардан "Трамадол" алып отырған.
Қазір күдіктіге қатысты ҚР ҚК 296-бабының 2-бөлігі ("Есірткі заттарын заңсыз сақтау") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Сонымен қатар, өңірде "Дәрмек" жедел алдын алу іс-шарасы барысында фармацевтикалық қызмет саласында да заңбұзушылықтар анықталды. 10 дәріханада дәрі-дәрмектерді рецептісіз сату фактілері тіркелді. Фармацевтерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Операция барысында заңсыз айналымға жол берілмеген 7,5 келі есірткі тәркіленді. Сондай-ақ, заңды айналымнан 92 құты мен 90 таблетка күшті дәрі, 107 таблетка және ампула түріндегі рецептілік дәрілер, сондай-ақ 27 тонна күкірт қышқылы алынды.