Жалған құжат қолданатын телефон-алаяқтары қайта шыға бастады
Ұлттық банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және халықпен ақшалай есеп айырыспайды, оның ішінде «алаяқтарды ұстау үшін арнайы операция жүргізуге» азаматтарды тартпайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Ұлттық Банкі телефон-алаяқтарының қайта шыға бастағанын хабарлайды. Олар өз «өкілеттігін» растау үшін жалған құжаттар ұсынып жүр.
Ескертетін жайт, алаяқтар өзін Ұлттық Банктің Қауіпсіздік департаменті қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды жаңылыстырады. Бұл схема «екінші деңгейлі банктердегі алаяқты ұстау үшін» деген желеумен «Ұлттық Банктің қызметкері» болып жалған ақпаратты ұсыну арқылы жүзеге асырылады. Сөйтіп олар алдын ала жасап алған «Ұлттық Банк қызметкерінің куәлігін» ұсынып, қоңырауларды өзге бөгде адамдарға бағыттайды, банктік аударымдар үшін реквизиттер ұсынады.
Сонымен қатар, азаматтарға сенімді болып көрінуі үшін жалған құжаттарға уәкілетті адамдардың қолдарын қойып, аты-жөнін жазып, мөрін басады.
Сондықтан Ұлттық Банк «Ұлттық Банктің Қауіпсіздік департаменті қызметкері» болып қоңырау шалған алаяқтармен сөйлеспей, «алаяқты ұстауға бағытталған қандай да бір операцияға» қатыспауға үндейді.
Еске саламыз, Ұлттық Банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді, халықпен ақшалай есеп айырыспайды, соның ішінде азаматтардан «арнайы операцияға» қатысуын сұрамайды.
Ұлттық Банк мобильдік қосымшаларды орнатпауды, өзінің дербес деректерін жария етпеуді, ұялы телефонды қашықтан басқаруға жол бермеуді және телефонмен әңгіме кезінде тұтқаның арғы жағындағы бейтаныс адамның нұсқауымен үшінші тараптың шотына ақша аудармауды сұрайды.
Егер жеке деректеріңіз жария болып кеткен жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласу керек.
Ал, осы мәселеде кеңес алу үшін 1477 нөмірі арқылы Ұлттық Банктің байланыс орталығына қоңырау шалуға болады.