Жалған хабарлама таратқан 147 адам бас бостандығынан айырылды – Бас прокуратура
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы уақытта терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламалар жиілеп кетті.
Әдетте, оқу орындарында, сауда орталықтарында, әуежайларда, вокзалдарда және адамдар көп жиналатын басқа жерлерде жарылғыш заттардың болуы туралы хабарланады.
Осы фактілерді тексеру бойынша шаралары көп уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар, кинологтар, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, жедел-тергеу топтары шығады.
Нәтижесінде, шұғыл қызметтер шынымен қауіп төніп тұрған немесе шұғыл көмекке мұқтаж адамдарды құтқару бойынша нақты міндеттерден алшақтайды.
Сонымен қатар, мұндай шабуылдың объектісіне айналған кәсіпорындардың қалыпты жұмыс режимі бұзылады.
Осыдан, бұл адамдарды эвакуациялау кезінде дүрбелең мен құрбандыққа әкелуі мүмкін.
2022 жылғы 26 сәуірде салынған жарылғыш құрылғылар туралы хабарламалар елордадағы және басқа қалалардағы бірнеше ондаған оқу орындарының электронды мекенжайларына түсті.
Олардың барлығы тексеріліп, расталмаған. Бұл уақытта оқу процесі бұзылып, жүздеген оқушылар мен оқытушылар эвакуацияланды. Қылмыскерлерді іздеу жүріп жатыр.
Бұған дейін, 2022 жылғы 31 наурызда елордалық әуежайдың электронды мекенжайына «бомба салынғаны туралы» хат келіп түскен болатын.
Осы мекенжайдан елордалық «Әбу Даби Плаза», «Хан Шатыр», «Мега Силквей» сауда ойын-сауық орталықтарын және өзге объектілерді «миналау» туралы тағы 6 хабарлама жолданған. 3 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Жарылғыш құрылғылар да табылған жоқ. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында кінәлі тұлға анықталды. Кінәсін мойындап, ол соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде, - делінген хабарламада.
Аталған іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 273-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады, оның санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Жалпы, 2016 жылдан бастап соттар терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 236 тұлғаны соттады, соның ішінде 147-і бас бостандығынан айырылды. Шұғыл қызметтердің жалған шақыруымен келтірілген материалдық залал кінәлілерден өндірілді.
Қылмыстық істерді тергеу тәжірибесі қылмыстың іздерін жасыру үшін кейбір жағдайларда жалған хабарламалар шетелдегі электрондық пошталар мен серверлерден жіберілетінін көрсетті.
Осындай ақпараттық шараның мақсаты – елдегі жағдайды тұрақсыздандыру және халықты қорқыту.
Көрсетілгендердің негізінде Бас прокуратура азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды қырағы болуға шақырады.
Терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламалар таратпауы және орналастырудың жолын кесуі, мұндай хабарламалардың авторларына жәрдем көрсетпеуі қажет. Дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыс туралы мәліметтер болған кезде құқық қорғау және арнайы органдарға дереу хабарлауды сұраймыз, - делінген хабарламада.