Жалған дипломы бар 200-дей жаттықтырушы жұмыстан босатылды
Еліміздің бірнеше өңірінде жалған дипломмен жұмыс істеген жаттықтырушылар мен спорт мектебі басшылары анықталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда спорт саласындағы жалған диплом дауы: жүздеген жаттықтырушы жұмыстан босатылды.
Агенттіктің дерегінше, спорт саласында жалған диплом пайдалану бойынша 278 факт тіркелген. Оның ішінде 9 мектеп басшысы, 248 жаттықтырушы және 21 өзге қызметкер бар.
Ең көп бұзушылық тіркелген өңірлер:
Түркістан облысы – 44,
Атырау облысы – 30,
Алматы облысы – 26,
Жамбыл облысы – 22,
Ақмола облысы – 20.
Жалған дипломмен жұмыс істегендер арасында жоғары лауазымды тұлғалар да бар.
Мысалы, Астана қаласында Олимпиадалық резервтің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшыларының бірі жоғары білім туралы жалған дипломмен қызмет атқарған. Тергеу барысында оның оқумен қатар басқа спорт ұйымында нұсқаушы болып жұмыс істегені анықталған.
Бұдан бөлек, Маңғыстау облысында Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директор орынбасары да жалған дипломмен қызметке тұрған.
Не шара қолданылды?
Барлық анықталған деректер ішкі істер органдарына жолданды.
Қазір бұл бойынша алдын ала тергеу амалдары жүргізілуде.
Қабылданған шаралар аясында 250 адамның еңбек келісімшарты бұзылды.
Қалған қызметкерлердің жұмыстан босату мәселесі тергеу нәтижесі бойынша шешілмек.
Тергеу жалғасып жатыр. Бұл істің соңы тағы қандай өзгерістерге әкелетіні әзірге белгісіз.