Жалған банкноталар қай өңірде көп

Қазақстан Ұлттық банкі мен екінші деңгейлі банктер осы жылдың 11 айында 687 100 теңгенің 195 жалған ақша белгісін (193 банкнота мен 2 монета) анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға аз (200 жалған ақша белгісі).

Көп жағдайда номиналы 5 000 теңгелік банкноталар қолдан жасалған – 68 дана, бұл жалпы санының 35,2%-ын құрайды. Одан кейінгі орындарда номиналы 2 000 теңгелік банкнота – 62 дана (32,1%), 500 теңгелік банкнота – 26 дана (13,5%) тұр. Қолдан жасалған банкноталардың 19,2%-ы басқа номиналдарға тиесілі.

Қолдан жасалған купюралардың басым бөлігі Алматы мен Алматы облысында анықталып отыр – 157 дана (80,5%) және Шығыс Қазақстан облысында – 15 дана (7,7 %).

Қазақстанда жалған банкноталар, негізінен, компьютерлік техника мен кәдімгі офсеттік қағазда ағынды принтерді қолдану арқылы жасалады. Ал, монета жасаушылар, әдетте, тек визуалды қорғаныш элементтерін ғана сақтап бағады.

ҚҰБ банкноталардың шынайы түпнұсқасын жалған түрінен ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелерді еске салады:

- Банкнотаның түсі анық және контрастылы болуы керек, су таңбасы мен номиналдың цифрлық бейнесін көру үшін банкнотаны жарыққа тосып көру қажет.

- банкнотаның бетінде жазулары бар үзік сызық түрінде шығатын тұтас сүңгуір жіпке де назар аударған жөн. Ол жарықта жазулары бар үзіліссіз жіп секілді анық көрінеді.

- номиналы 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноталарда түрлі түсті бояумен салынған сурет түріндегі бейнелер бар екенін атап өткен жөн. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде бейнелердің түсі жасыл түстен алтын түске дейін өзгереді.

- сондай-ақ, барлық банкнотада ұстағанда жақсы сезілетін жоғары бедерлі арнайы мөр баспасы бар.

- 2011-2012 жылғы үлгідегі номиналы 10 000 теңгелік банкнотаның бет жағында қорғаныш жібі орналасқан, ол сыртқы жағынан сопақ терезе арқылы қаралады.

- 2022 жылғы үлгідегі номиналы 20 000 теңгелік банкнотада жарты терезедегі голографиялық жолақ орналасқан. Жолақтың түс алмасу және динамикалық әсерлері бар.

Купюраларды осы әдіспен тексеру процесі санаулы секундтарды ғана алады және кез келген адамға банкноталардың түпнұсқалығын анықтауға көмектеседі.

Шынайы ақшаны жалған ақшадан қалай ажыратуға болатыны туралы ақпаратпен ҚҰБ сайтында танысуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы