"Жалған айғақ берді": Сотқа қатысы бар екі әйел жауапқа тартылуы мүмкін
Шерзат Болат ісі бойынша сотта куәгер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдінің әрекетіне байланысты жеке қаулы шығару сұралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шерзат Болаттың қазасына қатысты өтіп жатқан сот отырысында жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев оқиға орнында болған куәгерлерге қатысты жеке қаулы шығаруды сұрады.
Эльмира Нұрбекова сотта қасақана көрінеу жалған айғақ бергені және аса ауыр қылмысты хабарламағаны үшін жеке қаулы шығарып, оны Алматы облысы прокурорына тиісті процестік шешім қабылдау үшін жолдауды сұраймыз, – деді адвокат.
Оның айтуынша, Нұрбекова сотталушыларға тікелей тәуелді болмаған. Бұл бейнетіркегіш жазбасына сүйенген хаттама арқылы дәлелденіп отыр. Онда Нұрбекованың Toyota Land Cruiser Prado көлігінде отырғаны, ұялы телефонын еркін пайдаланып, сотталушылардың қалжыңына араласып отырғаны анық байқалады.
Оқиға болған жердегі мән-жайларды талқылап, өз пікірін білдіріп, әңгімеге араласуы – қандай да бір қысымның болмағанын көрсетеді. Бұл сотта Нұрқияс Ілиясовтың берген жауабымен де сәйкеседі, – деді қорғаушы.
Еске салсақ, Талдықорғанда өтіп жатқан Шерзат Болат ісі бойынша бүгінгі сот отырысында жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев қосымша екі куәгерді шақыру туралы өтініш жасады.
Сондай-ақ, сотта көліктегі дыбыстық файлдар тыңдалып, көліктегі сөз сотта жария болды.