Жалған ақша. Трансұлттық қылмыстық топқа қатысты сот процесі өтті

Қызылорда қаласында жалған ақшаның заңсыз айналымына қатысы бар трансұлттық қылмыстық топқа қатысты сот процесі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҰҚК және прокуратура органдары бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында Қызылорда, Алматы және Өскемен қалаларында Қазақстан, Әзірбайжан және Грузия азаматтарынан тұратын қылмыстық топ мүшелері құрықталды.

Тергеу барысында олардың аса үлкен көлемде жоғары сапасымен ерекшеленетін жалған АҚШ долларын және евроны Қазақстан аумағына әкелуге және өткізуге қатысы барлығы дәлелденді.

Валюта Түркиядан Қазақстанға пошта арқылы жасырылған күйде жөнелтіліп отырған.

Қызылорда облысының Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының шешімімен топ басшылары мен мүшелері трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты құрғандары және оған қатысқандары, сонымен қатар жалған ақшаны өткізгендері үшін кінәлі деп танылды.

Кінәлі азаматтар 9 жылдан бастап 17 жылға дейін ұзақ мерзімге  бас бостандықтарынан айыру жазасына кесілді.

Қолданылған шаралар еліміздің экономикалық әлеуетіне келтіретін залалды жоюға және қылмыстық ахуалды жақсартуға тиімді әсер етті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы