Бүгiн 2026, 06:07 Фото: unsplash.com

Жалған ақпаратқа жол жоқ: Дубай полициясы қатаң ескерту жасады

Дубай қаласында әлеуметтік желілерде қауесет пен шындыққа сәйкес келмейтін видеолар жариялағандар жазалануы мүмкін.

Біріккен Араб Әмірліктерінде қауесет пен жалған ақпарат таратқандарға қатысты жауапкершілік күшейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Дубай полициясы өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында Біріккен Араб Әмірліктерінде қауесет, жалған ақпарат немесе ресми мәлімдемелерге қайшы келетін кез келген контентті таратуға тыйым салынғанын еске салды. Сондай-ақ мұндай ақпарат қоғамда дүрбелең туғызуы немесе қоғамдық қауіпсіздікке, тәртіпке және халық денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екені айтылды.

Заңды бұзғандарға қылмыстық жаза қарастырылған. Оның ішінде түрмеге қамау және кемінде 200 мың дирхам көлемінде айыппұл салу бар, – деп жазылған хабарламада.

Дубай полициясының айтуынша, кейбір адамдар үшін қарапайым фотоның өзі ақпарат көзіне айналуы мүмкін.

Күзетілетін немесе стратегиялық маңызды нысандарды суретке түсірмеңіз және олардың бейнесін таратпаңыз. Мұндай нысандарды қорғау – қоғамымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауға көмектесетін ұлттық міндет, – деп ескертті ведомство.