Жалған ақпарат таратқан блогерлер қанша теңге айыппұл төлейді?
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым онлайн-платформалар мен жарнамалар туралы заңды түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» және оған ілеспе екі заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр. Олар - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым заң жобаларын таныстырды.
Сөзінше, бұл үш заң жобасы депутаттардың бастамасымен жасалды.
Біз заң шығарушы ретінде өмірден кішкене кешігіп жатқан сияқтымыз. Өйткені көптеген дүние бүгінгі күні интернет арқылы жалғасып жатыр. Қылмыс та, басқа да нәрселер интернетте жүріп жатыр. Ал әлемдік үрдістерге назар аударатын болсақ, бұл жерде үлкен принцип бар. Ол - өмірдегі бар қағидат интернетте де болуы керек деген қағидат. Яғни осыны алып қарасақ, бұл заңның бұрынырақ қабылдануына негіз бар еді, - деді Сарым.
Депутат ресми органның статистикасын мысалға келтірді.
Өткен жылдың ішінде 5 545 қылмыс немесе жалған ақпарат тарату оқиғасы болған. Осының барлығын ескере отырып бірнеше уәжді алға салып, заң жобаларын әзірлеген болатынбыз. Біріншіден, ол адам құқықтарын қорғау. Біздің Қазақстанның азаматтары интернетте де құқықтарының қорғалғанын талап етеді. Азаматтарымыз қалай болғанда да артында күшті мемлекет бар екенін айқын сезінуі тиіс, - деп айтты ол.
Айтуынша, қабылданып жатқан заңдар біреудің құқығын бұзу үшін емес, керісінше азаматтардың құқығын қорғау үшін жасалып жатыр.
Сонымен қатар Айдос Сарым мемлекеттік тіл мәселесі де заңда қаралғанын айтты.
Бүгінгі күні байқап отырғанымыздай, көптеген әлеуметтік желі ақпаратын бірден қазақ тіліне аудару мүмкіндігін жасап отыр. Бұл норманы болашақта бүкіл әлеуметтік желі пайдаланатындай жағдайға жеткізгіміз келеді. Сонымен бірге модерацияны қазақ тілінде де жүргізу мәселесін қойып отырмыз. Себебі қазақтілді аудитория да ақпарат алуға, таратуға құқықтарының қорғалғанын талап етеді, - деп түсіндірді Сарым.
Сондай-ақ ол жарнама мәселесіне тоқталды.
Дәстүрлі жарнаманы жақсы білеміз. Теледидарды қоссақ, қайсысы жарнама, қайсысы ақпарат екенін нақты білеміз. Газет пен журналда да солай. Біздің ойымызша, азаматтардың құқығын қорғап, олардың алданбау, қаржы пирамидаларына тап болмауы үшін әлеуметтік желідегі жарнаманы да, демеуші контентін де айқын көрсетуіміз керек. Әлемдік тәжірибеде бұл бар. Блогерлерден, инфлюенсерлерден осыны талап етеді. Әлемдік тәжірибеде шетелдің мақалы бар «кез келген адам өлім мен салықтан құтыла алмайды» деген, - дейді депутат.
Осы себептен де депутат «блогер», «инфлюенсер» деген ұғым енгізіліп отырғанын айтты.
Жарнаманың сан алуан түрлерін заңға бекітіп, алдағы уақытта мұның барлығы да ең алдымен Кәсіпкерлік кодекске және жылдың аяғында келетін Салық кодексіне еніп, көлеңкеде, «сұр экономикада» жүрген дүниенің барлығын ашық алаңға шығару, мемлекеттің қазынасын толтыруға пайдалану қажет деп есептейміз, - деп атап өтті Айдос Сарым.
Депутат атап өткендей, басты мәселенің бірі – «жалған ақпарат» деген ұғымды енгізу. Адам қасақана емес, қателесіп кетсе немесе басқа да жағдай болса, таралған ақпарат көп зиян тигізбесе, онда 20 АЕК (69 000 теңге) көрсеткішке айыппұл төлеу қарастырылған. Ал егер ол қайталанса, ол екі еселенеді.