Жалған ақпарат таратқан блогерлер айыппұл төлейді

Депутат Анас Баққожаев интернетте жалған ақпарат таратқан пайдаланушылар мен блогерлерге қанша теңге айыппұл салу көзделіп отырғаны жайында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасын талқылап жатыр.

Заң жобасын талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев заң аясында жалған ақпарат тарататындарға қанша теңге айыппұл салынатынын айтты.

Сөзінше, заң жобасы ҚР жекелеген заңнамалық актілерінің нормаларын негізгі заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған.

Мысалы, ҚР Кәсіпкерлік кодексіне, Жарнама туралы және ақпараттандыру туралы ҚР заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы қылмыстық жауаптылықпен қатар (ҚР қылмыстық кодексінің 274 бабы) жалған ақпаратты орналастыратын немесе тарататын онлайн платформаларды пайдаланушылар үшін – 20 АЕК (69 000 теңге), ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін 40 АЕК (138 000 теңге) мөлшерінде әкімшілік жауап енгізіледі, - деп түсіндірді депутат Қоғамдық палатаның отырысында.

Бұған дейін депутат интернетте ақша тауып, салық төлемей жүрген блогерлер туралы айтқан еді.

Естеріңізге сала кетсек, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Анас Баққожаев блогерлердің мәртебесін айқындайтын заң қажет екенін алғашқылардың бірі болып ұсынған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ архив
Өзгелердің жаңалығы