Жалдамалы пәтерде тұрып жатқандар үйлерін босатады – әкім жауап берді
Астанада жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға баспана берілген болатын. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек 5 жылда өз баспанасына ақша жинап үлгермегендерге қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бағдарлама басталғанда келісімшартта екі жақтың міндеттері келісілген. Әкімдік ол (сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер - ред.) пәтерлерді 5 жылға береді. Жас отбасылар 5 жыл ішінде қаржысын жинап, ипотекаға көшеді. Мемлекет өзінің міндеттемесін 100% орындады, - деді әкім ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Әкімнің сөзінше, бүгінде көп отбасы ипотекамен үй алған. Алайда бірнеше отбасы әртүрлі жағдай бойынша ипотекамен баспана ала алмаған.
Былтыр олар әртүрлі талап қойды. "Тағы 5 жылға созыңыздар", "тағы бір жыл…" деп айтқандар болды. Оны істеуге болмайды. Оған мүмкіндік жоқ. Бұл бағдарлама тек Астанада емес, Алматыда да, Шымкентте де бар. Оған келіссек, онда бәріне солай жасау керек. Келісімшарт болған соң, екі жақ та заң бойынша келісімді орындауы керек. Бірақ біз бұл азаматтардың барлығы өзіміздің, Қазақстанның азаматтары екенін түсініп отырмыз. Бәрінің жағдайын түсініп, Отбасы банкпен бірге жұмыс істеп, қазірдің өзінде әртүрлі көмекті көрсетіп жатырмыз, - деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.