Жалақыңызды үш жылға дейін талап ете аласыз: Конституциялық сот маңызды шешім шығарды
Жұмыс беруші жалақыңызды төлемей жүр ме? Сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімі өтіп кетсе де, ақшаңызды қайтарудың заңды мүмкіндігі бар.
Қазақстанда жұмыс берушіден төленбеген жалақы мен еңбекке қатысты өзге де міндетті төлемдерді өндіріп алу тәртібіне қатысты маңызды құқықтық түсіндірме берілді. Енді қызметкер еңбек дауы бойынша сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімі өтіп кетсе де, өзіне тиесілі ақшаны талап ете алады.
Астана қаласының прокуратурасы хабарлағандай, 2026 жылғы 8 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты еңбек құқықтарын қорғауға қатысты №81 нормативтік қаулы қабылдаған.
Конституциялық Сот Еңбек кодексінің 160-бабындағы нормаларды түсіндіре отырып, еңбек даулары бойынша сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімі қызметкердің жалақысын өндіріп алу құқығын шектемейтінін атап өтті.
Атап айтқанда, егер жұмыс беруші қызметкерге тиесілі ақшаны төлеу жөніндегі міндеттемесін орындамаса, қызметкер Азаматтық кодекстің 178-бабында көзделген талап қоюдың жалпы үш жылдық мерзімі шегінде сотқа жүгіне алады, - деп түсіндірді қалалық прокуратура.
Бұл мүмкіндік тек негізгі жалақыны ғана емес, еңбекке ақы төлеуге байланысты өзге де міндетті төлемдерді, соның ішінде үстеме жұмыс үшін берілетін ақыны өндіріп алуға да қатысты.
Прокуратураның мәліметінше, Конституциялық Соттың бұл құқықтық ұстанымы азаматтардың еңбек құқықтарын сот арқылы тиімді қорғауға бағытталған.
Осылайша, қызметкер сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімі өтіп кеткені үшін ғана өз еңбегімен тапқан ақшасын алу құқығынан айырылмауға тиіс.