30 Қазан 2026, 12:09 Фото: BAQ.KZ архиві

Жалақыны көтеру, бизнесті қолдау, технологияны дамыту: Қазақстанды не күтіп тұр?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында елдің алдағы даму кезеңіне арналған ауқымды міндеттер айқындалды. Құжатта экономиканы технологиялық жаңғырту, орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту, әлеуметтік саясатты қайта қарау, инфрақұрылымды жетілдіру және азаматтардың қоғамдық шешімдерге қатысуын кеңейту мәселелері қамтылды.

Жолдауда белгіленген бастамалардың ортақ мақсаты – экономикалық өсімді нақты нәтижеге айналдырып, оның игілігін әрбір азаматтың сезінуіне жағдай жасау. Бұл ретте мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы өзара жауапкершілік пен жүйелі әріптестіктің маңызы арта түседі.

BAQ.KZ тілшісі Жолдаудағы негізгі бағыттарға қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, академик Зарема Шәукенованың және Құрылтай депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың пікірлерін жинақтады.

«Халықтық құрылыс»: инфрақұрылым ғана емес, халықтың өмір сапасы

Президент Жолдауындағы маңызды бастамалардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражат мектептер мен ауруханалар, жолдар, инженерлік желілер, өнеркәсіп және энергетика нысандарын салуға әрі жаңартуға бағытталмақ.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, мұндай ауқымды жобалардың нәтижесі тек салынған нысандардың санымен өлшенбеуі керек. Ең бастысы – олардың халықтың күнделікті өміріне қаншалықты оң әсер ететіні.

Бір елді мекенде жұрт сапалы ауызсуды жылдар бойы күтіп отырса, енді бір жерде жаңа мектеп, аурухана немесе жол қажет. Сондықтан қандай нысандарды бірінші кезекте салу керектігін анықтағанда тұрғындардың пікірін ескеру маңызды. Қабылданып қойған шешімдерді халыққа хабарлаумен ғана шектелуге болмайды. Адамдар өз ұсыныстарын жеткізіп, оларға жауап алып, мемлекеттік инвестициялардың өз қаласы мен ауылының тіршілігін қалай өзгертетінін білуге тиіс, – дейді ол.

Сарапшыдан

Сарапшы «Халықтық құрылыс» бастамасын инфрақұрылымды жаңартумен қатар, отандық өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін жоба ретінде қарастырады. Оның айтуынша, ауқымды инвестициялар өнеркәсіптің, шағын және орта бизнестің дамуына, мамандар даярлауға және өңірлердің өркендеуіне серпін беруі қажет.

Сатыбалды Дәулеталин жаңа жұмыс орындарының санына ғана емес, сапасына да назар аудару керектігін атап өтті. Оның пікірінше, жұмысшыларға лайықты жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктер қамтамасыз етілуі керек.

Осы ретте ол ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру бастамасын еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту жолындағы маңызды қадам деп бағалайды. Кәсіподақтар федерациясы бұл мәселені бұған дейін де көтеріп келген.

Ең төменгі жалақының артында адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі тұр. Отбасын асырау, азық-түлік алу, коммуналдық төлемдерді өтеу, балаларды оқыту – мұның бәрі тұрақты табысты қажет етеді. Адал еңбек еткен адам өзіне және отбасына лайықты тұрмыс жағдайын қамтамасыз ететін жалақы алуға тиіс, – дейді Сатыбалды Дәулеталин.

Ол ең төменгі жалақыны айқындау әдістемесін жетілдіру, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайға сай болуын қамтамасыз ету және халықтың сатып алу қабілетін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттігін де атап өтті.

Кәсіподақ басшысы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін игерілген қаржы мен салынған нысандардың санымен ғана бағалау жеткіліксіз деп есептейді. Оның сөзінше, халықтың жұмыспен қамтылуы, табысы, білім мен медициналық көмектің қолжетімділігі, жалпы өмір сапасы да негізгі өлшем болуы керек.

Технологиялық даму мен әлеуметтік саясат қатар жүруі керек

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, академик Зарема Шәукенова Жолдаудағы міндеттерді ел дамуының жаңа тарихи кезеңімен байланыстырады. Оның пікірінше, әлемдік экономика мен технологиялық үдерістер түбегейлі өзгеріп жатқан жағдайда Қазақстан да өзінің даму моделін жаңғыртуы қажет.

Сарапшының айтуынша, бұрын индустриялық қуат негізінен ауыр өнеркәсіп пен ірі өндіріс орындарының көлемі арқылы бағаланса, бүгінде елдің технологиялық әлеуеті жоғары технологиялар мен инновацияларды игеру деңгейімен өлшенеді.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін табиғи-шикізаттық артықшылықтарды орнықты энергетикалық және технологиялық прогреске айналдыру стратегиялық маңызға ие. Ол үшін ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп, ғылыми зерттеулерді нақты экономикалық міндеттермен ұштастыру қажет.

Зарема Шәукенова іргелі зерттеулер мен инновациялардың дамуы елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын факторлардың бірі екенін атап өтеді. Оның пікірінше, ғылыми қызмет өзара байланысты стратегиялық жоспарларға негізделіп, өндіріс саласының даму жоспарларымен сабақтасуы керек. Сонымен қатар зерттеу университеттерін құру, қолданыстағы жоғары оқу орындарын дамыту және олардың өндірістік әрі коммерциялық сектормен байланысын нығайту маңызды.

Академик басқару жүйесін жетілдіру мәселесіне де назар аударады. Қазіргі технологиялық және мәдени өзгерістер мемлекеттік басқарудың жаңа тәсілдерін талап етеді. Бұл ретте шағын әрі кәсіби мемлекеттік аппарат реформалардың негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс.

Сарапшы әлеуметтік саясатты да экономикалық дамудың қосалқы бағыты емес, қоғамның орнықтылығын қамтамасыз ететін маңызды негіз ретінде қарастырады.

Оның пікірінше, мемлекеттік қолдау жүйесі нақты мұқтаж азаматтарға бағытталуы керек. Жолдауда әлеуметтік патернализм моделінің сынға алынуы да осы қажеттілікпен байланысты. Мемлекеттік ресурстарды қысқа мерзімді төлемдер мен негізсіз жеңілдіктерге шашыратпай, ұзақ мерзімді стратегиялық активтерді қалыптастыруға, орта бизнесті қолдауға және жеке капиталды тартуға бағыттау қажет.

Зарема Шәукенова әлеуметтік саясатты қайта қарау кезінде азаматтардың нақты жағдайын ескерудің маңызын атап өтеді. Оның пайымдауынша, әлеуметтік қолдау жүйесі әділ әрі атаулы болуы керек. Сонымен қатар мемлекеттің азаматтарға деген жауапкершілігі мен халықтың болашаққа деген сенімін сақтау да маңызды.

Сарапшы сенім ресурсын қоғамның алға жылжуына ықпал ететін маңызды күштердің бірі деп санайды. Оның айтуынша, болашаққа деген сенім адамдарға қиындықтарды еңсеріп, даму жолында алға ұмтылуға мүмкіндік береді.

Бизнеске тұрақты ереже мен ұзақ мерзімді қаржы қажет

Жолдауда кәсіпкерлікті дамыту, салық саясатын жетілдіру және инвестиция тарту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Президент микро және шағын бизнеске қатысты тексерулерге жаңа үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін талқылауды, Салық кодексіне бизнес тәжірибесінде анықталған қиындықтарды ескеретін нақты өзгерістер дайындауды тапсырды. Сонымен қатар кәсіпорындарды инвестициялық кредиттеу аясын кеңейту қажеттігін атап өтті.

Құрылтай депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров бұл бастамаларды кәсіпкерліктің тұрақты дамуы үшін маңызды деп санайды.

Сарапшыдан

Оның айтуынша, бизнеске ең алдымен болжамды әрі тұрақты ережелер қажет. Кәсіпкер өндіріс ашып, жабдық сатып алып, қызметкерлер жалдағанда немесе жұмысын кеңейтуді жоспарлағанда, алдағы уақытта қандай салықтық және әкімшілік талаптармен жұмыс істейтінін білуі керек.

Мораторий бастамасына қатысты депутат кәсіпкерлерге артық әкімшілік қысым жасамау маңызды екенін айтады. Ол келтірген мәлімет бойынша, 2026 жылдың алғашқы жартысында жеке кәсіпкерлер тарапынан анықталған құқық бұзушылықтар саны 34 пайызға азайғанымен, айыппұл сомасы шамамен 11 пайызға өскен, ал жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан.

Егер құқық бұзушылықтар азайып жатса, кәсіпкерлікке әкімшілік қысым неге артып отыр деген заңды сұрақ туындайды. Президент негізгі қағидатты өте дәл айтты: бизнеске кедергі жасамау керек, – дейді Айдарбек Қожаназаров.

Сонымен бірге депутат мораторий мемлекеттік бақылаудан толық бас тартуды білдірмейтінін ескертеді. Оның пікірінше, бұл бастама реттеу жүйесін қайта қарап, оны ашық, болжамды және заманауи цифрлық құралдарға негізделген жүйеге айналдыруға мүмкіндік беруі керек. Мемлекет заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ете отырып, адал кәсіпкерлерді артық тексерулер мен әкімшілік рәсімдерден қорғауы қажет.

Салық кодексіне қатысты өзгерістер де осы ұстанымға сай болуы тиіс. Депутаттың айтуынша, ауқымды салық реформасын енгізу барысында қайшылықтар, нормаларды әртүрлі түсіндіру және кәсіпкерлер үшін қосымша қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан заңның бастапқы редакциясын өзгеріссіз сақтаудан гөрі, оның іс жүзінде тиімді жұмыс істеуіне басымдық берген жөн.

Кәсіпкер үшін болжамдылық өте маңызды. Адам өндіріс ашқанда, жабдық сатып алғанда, қызметкерлер жалдағанда немесе бизнесті кеңейтуді жоспарлағанда, ертең қандай салық жағдайында жұмыс істейтінін түсінуі керек. Сондықтан қайшылықтар мен кәсіпкерлерге түсетін артық салмақты жою қажет. Сонымен бірге өзгерістер нақты әрі мұқият ойластырылған болуы тиіс, – дейді ол.

Орта бизнес – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететін күш

Айдарбек Қожаназаровтың пікірінше, ұлттық экономиканың орнықтылығы үшін орта бизнестің дамуына айрықша көңіл бөлу қажет. Шағын бизнес жұмыспен қамту мен кәсіпкерлік белсенділікті қамтамасыз етсе, ірі компаниялар ауқымды жобаларды жүзеге асырады. Ал осы екі сегменттің арасында өндірісті кеңейтуге, технология енгізуге, жаңа нарықтарға шығуға қабілетті орта кәсіпорындар болуы керек.

Ол шағын кәсіпорындардың біртіндеп өсіп, орта бизнес деңгейіне өтуіне жағдай жасау маңызды екенін айтады. Бұл үшін тек қаржылай қолдау жеткіліксіз. Кәсіпкерлерге өткізу нарықтарына, ұзақ мерзімді қаржыландыруға, заманауи технологияларға қолжетімділік және түсінікті бизнес ережелері қажет.

Депутат әсіресе өндірістік кооперацияның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ірі кәсіпорындардың айналасында отандық өнім жеткізушілер, қосалқы бөлшектер өндірушілер мен сервистік компаниялар қалыптасуы мүмкін. Бұл ел ішінде қосылған құнды арттырып, өңірлердің экономикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – банктердің инвестициялық кредиттеуге белсенді қатысуы. Айдарбек Ходжаназаровтың пікірінше, экономикаға қысқа мерзімді қаражат қана емес, өндіріс орындарын, жаңа технологиялар мен жұмыс орындарын қалыптастыратын ұзақ мерзімді капитал қажет.

Егер кәсіпкер зауыт салуды немесе өндірісті жаңғыртуды жоспарласа, оған ұзақ мерзімге және экономикалық тұрғыдан негізделген шарттармен қаржы қажет. Мұндай жобаларды тек қысқа мерзімді қаржы құралдарына сүйеніп дамыту мүмкін емес, – дейді депутат.

Оның сөзінше, банктердің бос капиталын тұтынушылық нарықтан нақты секторға бағыттау үшін жаңа ұзақ мерзімді кредиттеу тетіктерін дамыту қажет. Бұл ретте банктермен қатар даму институттары мен халықаралық қаржы ұйымдарының да қатысуы маңызды.

Алайда инвестиция көлемін арттырудың өзі жеткіліксіз. Қаржы нақты өндірістік қуаттарға, тұрақты жұмыс орындарына және отандық өнім шығаруға айналуы керек. Ол үшін кәсіпорындарға инфрақұрылым, энергия көздері, білікті кадрлар және тұрақты бизнес ортасы қажет.