"Жалақылары төмен": Жолдасының марапатын алуға өрт сөндірушінің жұбайы келді

Қазақстанның іскер әйелдер ассоциациясының ұйымдастыруымен "Мейірімділік керуені" жобасының Астана қаласы бойынша номинанттарын марапаттау рәсімі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл алтыншы рет өтіп отырған байқау аясында Астана бойынша 62, ал республика деңгейінде 1000-ға жуық өтінім қабылданды. Номинанттар “Асар”, “Туған жер”, “Батыл жүрек”, “Мейірім жолында”, “Қайырымдылық тарихы” атты 5 номинация бойынша марапатталды.

Іс-шараны әдейілеп Ораза айттың бірінші күнімен байланыстырдық. Өйткені айт мұсылмандар үшін қасиетті мереке саналады. Біздің номинанттар атқарған игі істердің қабыл болуын қалаймыз, - деді Қазақстанның іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Раушан Сәрсембаева.

Ескеретін жайт “Батыл жүрек” номинациясына ие болғандардың көбі марапаттауға қатыса алмады. Су тасқынына қарсы шараларға атсалысу үшін Қостанайға кеткен. 

Олардың қатарында Астана қаласы №10 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Руслан Салкаев та бар. Оның марапатын алуға жұбайы Айнара Салкаева келді. Ол жолдасын елеп-ескеріп жатқанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ өрт сөндірушілерге мемлекет тарапынан белгілі бір артықшылықтар берілу жөнінде пікір білдірді.

Өрт сөндірушілер басқа құрылымдармен тең дәрежеде емес. Оларға пәтерпұл берілмейді, жалақылары төмен. Олар белгілі деңгейде сақтандырылмаған. Осы жағы қарастырылса деймін. Мысалы жолдасым қарауыл бастығы болып қолға 350 мың теңге алады. Ал қатардағы өрт сөндірушінің жалақысы – 220 мың теңге. Сондықтан мен декретте болсам да жұмыс істеймін. Пәтер жалдап тұрамыз. Жолдасымның жалақысы жетпейді, - деді ол.

Астана қаласынан "Батыл жүрек" номинациясында республика бойынша Highvill Astana тұрғын үй кешенінің 20-қабатында асылып тұрған қызды құтқарған Нарұл Төреқұл мен өрт шалған үйден құлап бара жатқан баланы аман алып қалған Есен Қарабеков жеңімпаз атанды. 

“Мейірімділік керуені” жобасы халықтың азаматтық бастамаларын қолдап, ізгілік, мейірімділік, адамгершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған.

Бұл байқау қайырымдылықты насихаттайды. Қарапайым адамдардың арасындағы тамаша үлгілерді көрсетеді, - дейді “Қайырымдылық керуені” байқауының ұйымдастырушыларының бірі Әйгерім Жаналинова.

Айта кетейік, VI “Мейірімділік керуені” байқауының республика бойынша іріктелген номинанттарын марапаттау рәсімі Астанада 2024 жылдың ақпанында өтіп кеткен. Ал аймақтық деңгейдегі номинанттарды марапаттау Қазақстанның әртүрлі аймақтарында әлі жалғасып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы