Жалақыға жарымаған жұмысшылар наразылыққа шықты
«Атырау жылу жүйелері» АҚ жұмысшылары бүгін наразылыққа шықты. Олар қазіргі алатын жалақы түкке тұрмайды дейді. Қызметкерлердің арасында әлі күнге дейін 60 мың теңгеге күн көріп отырғандар да бар, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Жиналған жұмысшылар жалақының 2 не 3 жылда бір көтерілетінін жасырмайды. Алайда азық-түлік пен өзге қажеттілік құнының күн сайын шарықтап жатқанын ескерсек, қосылған 5-10 пайыздан пайда жоқ дейді.
Мен бұл жерде 13 жылдан бері қызмет етемін. Екі қызым бар. Жалғызбасты анамын. Жалақым 60-80 мың теңгеден аспайды. Өзім пәтер жалдап тұрамын. Үлкен қызым студент. Ол да пәтерде тұрады. Соның бәріне ақшаны бөлгенде, қолымда ештеңе қалмайды. Қазір қосымша жұмыспен күн көріп отырмын мысалы. Мына «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамында түнгі ауысымда жұмыс істеймін. Күндіз басқа жұмысқа барамын,бұл маған өте қиын. Негізі антимонополия әр 5 жыл сайын қадағалап, өсіріп отыру керек қой. Бірақ олар соңғы 10 жылда ешқандай жұмыс істемеген. Соны қолға алса деймін, - дейді жұмысшылардың бірі Р.Шаукенова.
Мекемеде бас-аяғы 670 қызметкер бар. Олардың қатарында көпбалалылар мен жалғызбастылар да бар. Жалақының төмендігі бәріне ортақ мәселе. Мұндағы мамандардың алатын айлығы 150 мыңнан да аспайды.
Мен бұл жерде 2005 жылдан бері жұмыс істеймін. Қазір жалақының төмендігі бойынша жиналып тұрмыз. Бәрінің бала-шағасы бар. Ешкімнің ақшасы жетпейді. Жалақымызды тезірек көтеруін талап етеміз. Кем дегенде 50 пайызға арттырсын, - дейді жұмысшы Ролан Құлекешов.
Айлықтық аздығын мекеме басшысы да мойындайды. Соның салдарынан маман тапшылығы бар екенін де жасырмады. Қазір бас-аяғы 60 кадр жетіспейтін көрінеді. Өзекті мәселені наурыз айында реттейміз дейді.
Бұл проблемадан министрлік те хабардар. Тиісті ұсыныстарды бердік. Соның арқасында заңға қажетті өзгерістер енгізілді. Қазір акті мен арнайы құжаттар әзірленіп жатыр. Наурыз айында бәрі реттеледі.Сол кезде жалақыны кем дегенде 40-50 пайызға өсіреміз дейді, - «Атырау жылу жүйелері» АҚ президенті Әлібек Темірғалиев.
Ал қызметкерлер тіпті наурыз айына дейін күтуге құлықсыз. Олар басшылықсыз сөзі бос сылтау деп есептейді.
Наурыз айына дейін сонда біз қалай өмір сүреміз? Олай болса бізге несиеміздің пайызы өспейтіндей етіп келісімшарт жасап берсін. Халықтың күнкөріс деңгейі күннен күнге төмендеп барады. Азық-түліктің бағасы анау. Тезірек реттесін деген тілек бар,-дейді қызметкер Т.Аронов.
Жылдар бойы жағдайдың жақсаратынынан үміт үзбеген азаматтар енді амалсыздан наурыз айына күтпек. Басшылықтың уәдесі орындалмаған жайдайда, өзекті проблеманы жылы жауып қоймаймыз деп отыр. Ал мекеме өкілдері еңбекақы мөлшерін көбейтпесе, білікті кадрдан да айырылар түрі бар.