Бүгiн 2026, 18:01 Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

Жалақы vs кәсіби даму: Қазақстандық үздік жұмыс беруші қайсысы маңыздырақ екенін айтып берді

Қазақстанда алғаш рет жұмыс берушілердің тиімділігін кешенді бағалаған Paryz Bridge ұлттық зерттеуінің нәтижесі жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұйымдастырушылар сөзінше, бұл еліміздегі жұмыс берушілерді кешенді бағалауға арналған ең ауқымды тәуелсіз зерттеулердің бірі.

Зерттеу төрт негізгі бағыт бойынша жүргізілген. Сарапшылар халықтың жұмыс берушілер туралы пікірін, қызметкерлердің өз ұйымына берген бағасын, компаниялардағы HR жүйесінің жетілу деңгейін және кадр тұрақсыздығы, еңбек өнімділігі, орташа жалақы, бір бос жұмыс орнына үміткерлер саны сияқты объективті көрсеткіштерді саралаған.

Қазақстан HR менеджерлері қауымдастығы Үйлестіру кеңесінің президенті Гүлмира Раисованың айтуынша, зерттеу барысында елдің барлық өңірі қамтылған.

Біз Қазақстанның барлық өңірінде, соның ішінде ауылдарда, аудан орталықтарында және ірі қалаларда халық арасында сауалнама жүргіздік. Сонымен қатар зерттеуге қатысқан компаниялардың қызметкерлерінен пікір жинадық, HR-процестердің даму деңгейін бағаладық және кадрлық көрсеткіштерді талдадық. Осы мәліметтердің барлығы статистикалық әдістер арқылы өңделіп, бірыңғай әлеуметтік тұрақтылық индексі қалыптастырылды, - деді ол.

Зерттеуге жалпы саны 150 мыңнан астам қызметкері бар 117 компания қатысып, үздіктер экономиканың сегіз саласы бойынша анықталды. Соның ішінде «Қаржы және бизнес» санатында Halyk Bank бірінші орынға ие болды.

Жеңістің артында бірнеше жылдық жүйелі жұмыс тұр

Halyk Bank-тің Басқарма мүшесі, Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мукушевтің айтуынша, бұл нәтиже бір жылдың жетістігі емес.

Бүгінгі марапат бір жылдың емес, бірнеше жыл бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі. Осы уақыт ішінде біз адам капиталына ерекше көңіл бөліп, корпоративтік мәдениетті дамытуға, қызметкерлердің кәсіби құзыретін арттыруға және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге басымдық бердік. Әр қызметкер өзін банктің ортақ нәтижесіне үлес қосып жатқан маңызды тұлға ретінде сезінуі үшін басқару тәсілдерін қайта қарастырдық, - деді ол.

Банктердің басты бәсекесі енді маман үшін жүріп жатыр

Бүгінде қаржы ұйымдары тек бір-бірімен ғана емес, IT компаниялармен де тәжірибелі мамандар үшін бәсекелесуге мәжбүр. Сондықтан жұмыс берушінің тартымдылығы бұрынғыдан да маңызды бола түсті.  

Нариман Мукушевтің пікірінше, қызметкерді ұстап қалудың негізгі факторы – жалақы емес, кәсіби даму мүмкіндігі мен басшының көшбасшылық қабілеті.

Кез келген басшы белгілі бір деңгейде HR маманы болуы керек. Себебі қызметкерлер ең алдымен өздерінің тікелей жетекшісіне қарайды. Олар басшының кәсіби деңгейіне, көзқарасына және өзіне деген сеніміне мән береді. Егер бөлімде кәсіби деңгейі жоғары жетекші болса, оның айналасына талантты жастар жиналады. Өйткені адамдар өзінен мықты мамандардың ортасында ғана өседі, - дейді ол.

Оның айтуынша, банк қызметкерлерінің үздіксіз білім алуына, жаңа тәжірибе жинауына және мансаптық тұрғыдан өсуіне ерекше жағдай жасалған. Форумға қатысушылар да бұл пікірді растады.

«Ақша адамды ұзақ уақыт ынталандырмайды»

Нариман Мукушев, жоғары жалақының маңызын жоққа шығармайды. Дегенмен ұзақмерзімді мотивация басқа факторларға байланысты екенін айтады.

Ақша адамды белгілі бір уақытқа ғана ынталандырады. Екі-үш ай, ары кетсе жарты жыл. Ал егер адам өз жұмысының маңызын сезінбесе, кәсіби дамымаса, басшысының қолдауын көрмесе, уақыт өте оның ынтасы төмендей бастайды, - деді ол.

Оның айтуынша, қызметкер тек тапсырманы орындап қана қоймай, өзінің еңбегі нақты нәтижеге айналып, адамдардың өміріне пайдасын тигізіп жатқанын сезінуі қажет. Сонда ғана команда мүшелерінің ортақ мақсатқа деген жауапкершілігі артады.

Қарапайым қызметкердің ұсынысы басшылыққа жете ме?

Бүгінде Halyk Bank-те өнімдік командалар мен трайбтар жұмыс істейді. Олар өз өнімдерінің дамуына толық жауап беріп, әр тоқсан сайын басқарма алдында нәтижелерін таныстырады.

Басқарма төрағасы да, басқарма мүшелері де қызметкерлерге ашық. Кейде өңірлерден өте жақсы ұсыныстар келеді және олар нақты өзгерістерге негіз болады. Біз үшін ең маңыздысы – адамдардың бір-бірімен ашық сөйлесе алуы, - дейді Нариман Мукушев.

Кадр тұрақсыздығы төмендеп келеді

Форум барысында ең көп көтерілген мәселенің бірі - жастар арасындағы кадр ауысуы болды. Бұл тарапта Halyk Bank-тегі кадр тұрақсыздығы біртіндеп төмендеп келеді. Нариман Мукушев мұны бірнеше фактордың нәтижесі деп есептейді.

Қызметкер өз еңбегінің нәтижесін көріп, әділ бағаланатынын сезінуі керек. Сонымен қатар тікелей басшының рөлі өте маңызды. Егер қызметкер басшысына сенбесе немесе оның кәсіби деңгейіне күмәнданса, қандай мықты ұйым болса да, уақыт өте басқа жұмыс іздей бастайды, - дейді Басқарма Төрағасының орынбасары.

Жасанды интеллект – еңбек нарығының жаңа талабы

Paryz Bridge зерттеуінің жетекшісі Ұлан Тәжібаевтың айтуынша, жасанды интеллект еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатыр.

Жаңа технологиялар қайталанатын жұмыстарды автоматтандырғанымен, сонымен қатар жаңа мамандықтар мен мүмкіндіктердің пайда болуына жол ашады. Сондықтан алдағы жылдары жасанды интеллект құралдарын меңгерген мамандар еңбек нарығында бәсекелік артықшылыққа ие болады, - деді ол. 

Нариман Мукушев те бұл пікірді қолдап, өзгерістен қорқудың қажеті жоқ екенін айтады.

Жасанды интеллект адамның орнын толық баспайды. Бірақ жасанды интеллектіні тиімді қолдана алатын адам оны қолдана алмайтын адамның орнын басады, – деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде банк ішінде барлық деңгейдегі басшыларға арналған AI бойынша арнайы оқыту бағдарламалары ұйымдастырылып жатыр. Басшылар ChatGPT және басқа да жасанды интеллект құралдарын күнделікті жұмыста қолдануды үйренуде.

Paryz Bridge зерттеуі көрсеткендей, қазіргі еңбек нарығында үздік жұмыс беруші атану үшін жоғары жалақы ұсыну жеткіліксіз. Қызметкер кәсіби дамитын орта, әділ басқару жүйесі, ашық корпоративтік мәдениет және заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндік беретін ұйымдарға басымдық береді.

Қаржы және бизнес секторында көш бастаған Halyk Bank тәжірибесі адам капиталына салынған жүйелі инвестицияның компанияның ұзақмерзімді табысына тікелей әсер ететінін тағы бір мәрте көрсетті.