Жалақы төлемей, жұмыстан шығару: Жұмысшылар қандай мәселелерге тап болады?
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмысшылардың жиі тап болатын мәселелерін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезі аясында төраға Сатыбалды Дәулеталин журналистерге берген сұқбатында жұмысшылардың құқықтарын қорғаудағы басты қиындықтар мен кәсіподақтың жаңа стратегиясы туралы айтты.
Дәулеталин еңбеккерлер кәсіподақтарға проблемаларымен жүгінетінін атап өтті.
Біз заң клиникасын құрдық. 6000-нан астам өтініш келіп түсті. 247 сот процесінде жұмысшылардың мүддесін қорғадық, – деді ол.
Жұмысшылар ең жиі шағымданатын мәселелер:
- Жалақының төленбеуі немесе төмендігі.
- Жұмыстан заңсыз шығару.
- Жұмысқа қабылдаудағы әділетсіздік.
- Еңбек жағдайларының нашарлығы.
Еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы.
Кәсіподақтар федерациясы жұмысшылар кез келген аймақтан онлайн түрде құқықтық көмек ала алатындай цифрлық қызмет жүйесін әзірлеп жатыр.
Бұл – алдағы үлкен қадам. Еңбеккер қай жерде болса да, біздің заңгерлермен байланыса алады, – деді Дәулеталин.
Съезд барысында кәсіподақтар келесі бес жылға арналған даму стратегиясын қабылдады. Ол еңбек адамының мәртебесін көтеруге, әлеуметтік қорғауды күшейтуге және еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуге бағытталған.
Жаңа технологиялар, автоматтандыру, жасанды интеллект – осының бәрі еңбек адамына әсер етеді. Біз бұл өзгерістерден шет қалмауымыз керек, – деді ол.