Жалақы, табыс, инфляция: Халықтың әл-ауқатын қалай жақсартамыз?
Қазақстандағы экономикалық өсім халықтың қалтасында толық сезілмей тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияның жоғары деңгейі азаматтардың табысы мен күнделікті шығындарын теңгеруге кедергі келтіріп жатқанын айтты. Депутаттар да әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру және қаражатты тиімді пайдалану арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру керегін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkystan басылымына берген сұхбатында Қазақстанда соңғы жылдары экономикалық өсім тіркелгенімен, бұл көрсеткіш әрқашан қарапайым азаматтардың қалтасында сезіле бермейтінін айтты.
Президенттің айтуынша, инфляция деңгейінің жоғары болуы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған көптеген еңбектің нәтижесін жоққа шығарып отыр. Яғни жалақы мен табыс өссе де, күнделікті азық-түлік, қызметтер мен баспана шығындары бұл өсімді «жеп қояды».
Мемлекет басшысы азаматтардың табысы мен өмір сүру шығындарының арасындағы теңгерім әлі де өзекті мәселе екенін жасырмады. Оның айтуынша, ипотека, білім беру, медицина және тұрмыстық қажеттіліктер көптеген отбасы үшін негізгі қаржылық ауыртпалыққа айналған.
Сол себепті Үкімет алдында тұрған басты міндеттердің бірі – инфляцияны тежеу және экономикалық реформалардың қарапайым халықтың өміріне нақты пайда әкелуін қамтамасыз ету. Президент бұл бағытта арнайы бағдарламалар қабылданып жатқанын атап өтті. Айта кетсек, елімізде 2026-2028 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдар бағдарламасы қабылданған болатын.
Жалпы 2025 жылдың III тоқсанында республика бойынша орташа айлық жалақы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға өсіп, 429 368 теңгеге жетті. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының еңбек нарығына қатысты 2025 жылдың III тоқсаны бойынша жариялаған деректеріне сәйкес, елдегі жұмыс күші саны 9 778 691 адамды құрайды. Оның ішінде 7 155 420 адам жалдамалы қызметкер ретінде еңбек етеді.
Президент жыл басында газетке берген сұқбатында көтерген мәселелерге қатысты депутаттардың пікірін біліп, «Халықтың жағдайын қалай көтеруге болатынын» сұрадық.
Халықтың жағдайын қалай көтереміз?
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев азық-түлік бағаларын бақылау және бөлінген мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталды.
Жақында ғана Үкімет әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімін 31 атауға дейін кеңейтті.
Бірінші кезекте, бағаны қатаң бақылауға алу керек. Бұл қарапайым азық-түліктің өзінде де маңызды, – деді ол.
Мұқаев үкімет тарапынан нақты тапсырмалар уақытында орындалып, халық игілігіне жұмсалуын қадағалау қажеттігін атап өтті.
Депутат бөлінген қаражат толық болмаса да, «дефицит бар, бірақ ақша тиімді пайдаланылады және уақытында жұмсалса, мақсатқа жеткізуге болады» деп мәлімдеді.
Мұқаев әлемдік нарықтағы жағдайға да назар аударды. Мысалы, Иран мен Венесуэладағы геосаяси жағдайдың мұнай бағасына әсер етуі мүмкін екенін айтты.
Егер мұнай нарығына жаңа көлемдер шығарылса, біздің мұнайдың бағасы төмендеуі мүмкін, бұл девальвацияға әкелуі ықтимал, – деді депутат.
Дегенмен, Дәулет Мұқаев еліміздің салыстырмалы экономикалық жағдайын оң бағалап, дайын болу қажеттігін атап өтті.
Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым үкіметтің қабылдап жатқан реформалары мен салық кодексіне қатысты пікір білдірді.
Депутаттың айтуынша, кез келген реформаның басты мақсаты – тәуелсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру.
Қабылданып жатқан заңдар мен реформалардың барлығы осы бағытқа бағытталған, – деді ол.
Сарым салық кодексінің баға өсіміне әсері туралы да пікір білдірді.
Жаңа салық кодексі бәрін бағаны шарықтатады деп айту – өтірік. Біз өзіміз дүкенге барып бағаларды көріп жүрміз. Әр өнім бойынша баға әртүрлі, кейбіреулері аздап өскен, бірақ керемет қымбатшылық болып жатқан жоқ. Маусымдық өзгерістер бар, бірақ халықтың қалтасын ауыртып жатқан жоқ, – деді депутат.
Айдос Сарым үкіметтің барлық бастамаларын бірлесіп бағалау керегін айтып, қоғам мен экономика жағдайын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстандағы халықтың әл-ауқатын арттыру мен бағаны тұрақтандыру шараларына тоқталды. Ол қазіргі экономикалық жағдайды тарихи көрсеткіштермен сипаттады.
Қазақстанның ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард долларға жетті, жан басына шаққанда бұл 15 мың доллар, – деді.
Депутаттың айтуынша, елдегі басты мәселе – инфляция, яғни бағаның өсуі.
Аймақтарда адамдар ең бірінші осы бағаның тұрақсыздығына шағымданады. Сондықтан бүгін үкіметпен бірге отырып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мәселесін қарастырамыз. Бұл – 31 әлеуметтік тауар бойынша жүзеге асырылатын шара, – деді Саиров.
Ол сондай-ақ бағаны тұрақтандыру үшін аймақтарда азық-түліктің сапасын бақылау, отандық өнімдердің дүкенге жету жолындағы делдалдарды азайту және әкімшіліктердің арнайы тұрақтандыру базасын құру сияқты нақты шешімдер қабылданатынын атап өтті.
Сол кезде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы азаматтарды қанағаттандыратын межеде тоқтайды, – деді депутат.