Кеше 2026, 15:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Жалақы, шәкіртақы және тегін оқу: Декреттен шыққан аналарға қолдау көрсетіледі

Бұл жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі BAQ.KZ тілшісінің сауалына берген мәліметте айтты.

Қазақстанда әйелдерді, соның ішінде декреттік демалыстан кейін еңбек нарығына қайта оралуды қолдау мақсатында арнайы кәсіби оқыту бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Бұл жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі BAQ.KZ тілшісінің сауалына берген мәліметте айтты.

Қысқа мерзімді кәсіби оқыту біліктілігі жоқ немесе кәсіби дағдыларын жоғалтқан жұмыссыз азаматтарға арналған. Оқу бағдарламалары еңбек нарығындағы нақты сұранысқа сай ұйымдастырылады.

Оқыту екі бағытта жүргізіледі: білім беру ұйымдарында немесе жұмыс берушілердің тікелей жұмыс орындарында. Бағдарлама аясында мамандықтар мен дағдылар тізімі жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде қалыптастырылады. Курсты аяқтаған азаматтарға тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік беріледі.

Бағдарламаға қатысушыларға бірқатар қаржылық қолдау көрсетіледі. Білім беру ұйымдарында оқитын азаматтарға ай сайын 43 574 теңге көлемінде шәкіртақы мен материалдық көмек төленеді. Ал жұмыс берушінің жұмыс орнында оқығандарға ай сайын 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақы беріледі. 2026 жылы бұл сома 86 500 теңгені құрайды, - деп жауап берді министрлік.

Сонымен қатар қатысушыларға қосымша материалдық қолдау қарастырылған. Егер оқу орны тұрақты тұратын елді мекеннен тыс орналасса, жол жүру шығындары үшін 4 АЕК (2026 жылы – 17 300 теңге) төленеді.

Басқа қалада оқыған жағдайда тұру шығындары да өтеледі: Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарында ай сайын 15 АЕК (64 875 теңге), ал басқа өңірлерде 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде төлем қарастырылған.

Бұдан бөлек медициналық тексеруден өтуге 2 АЕК (8 650 теңге) көлемінде қаражат бөлінеді.

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды онлайн меңгеруге де мүмкіндік бар. Бұл үшін «Электрондық еңбек биржасы» порталындағы skills.enbek.kz платформасы жұмыс істейді. Платформа халықаралық онлайн оқу алаңдарының қазақстандық баламасы ретінде қызмет етеді және маркетплейс қағидаты бойынша түрлі курстарға қолжетімділік ұсынады.

Порталда кез келген адам өзіне ыңғайлы оқу қарқынын, тілін және форматты таңдай алады. Курсты аяқтағаннан кейін берілетін сертификаттар автоматты түрде электрондық еңбек биржасындағы түйіндемеге тіркеледі. Бұл жұмыс іздеушілердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта платформада 569 курс орналастырылған, оның 153-і тегін. Олардың қатарында аспаздық, косметологиялық қызметтер, заң және бухгалтерия, құрылыс, қонақ үй және мейрамхана бизнесі, құжат жүргізу, IT және SMM бағыттары бар. Курстардың ұзақтығы 1 сағаттан 72 сағатқа дейін созылады.

Статистикаға сәйкес, 2025 жылы қысқа мерзімді кәсіби оқыту бағдарламасы бойынша 9,1 мың адам білім алған. Оның 5,8 мыңы немесе 63,8 пайызы – әйелдер. Ал онлайн курстар арқылы 56,6 мың жұмыссыз оқудан өтіп, олардың 31,9 мыңы (56,4%) әйелдер болған.