Жалақы қашан уақытылы төленеді? – Депутат халықтың жағдайын айтты
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы палатаның жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдеріне жұмыс орындарында жалақының уақытылы төленбеуі, сондай-ақ жұмыскерлерді өндірістік жарақаттардан қорғау шаралары жөнінде сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, қазір қоғамда қымбатшылық күннен күнге өсіп, жұмыссыздық деңгейі жоғары.
Азаматтар лайықты өмір сүру мүмкіндігінен айырылады. Сол себепті жұмысшылар заңды түрде жұмыс істесе де, уақытында жалақысын ала алмай отыр. Нәтижесінде, несиелерін уақытында жаба алмай, тіпті кейде супермаркеттен кредитке тамақ алуға мәжбүр болып жатыр, – деді Аралбайұлы.
Ол жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды күшейту қажеттігін айтты.
Қазір жұмыс беруші уақытында жалақы төлемесе, әкімшілік жаза қолданылып, азғана өтемақы төлеуге міндеттеледі. Біз бұл мөлшерді Ұлттық банк базалық мөлшерлемесінің 125 есесіне дейін көтеруді ұсындық. Алайда Үкімет бұл ұсынысты қолдамады. Сондықтан алдағы уақытта жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға қандай шаралар қарастырылғанын білгім келеді, – деді депутат.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жұмыс берушілердің уақытылы жалақы төлемеуі еңбек кодексі бойынша әлеуметтік жауапкершілікке тартуға жатады.
Жаңа ұсыныстарды қарастыру үшін жұмыс берушілер конфедерациясы, "Атамекен" палатасы және ұлттық өкілдермен талқылау жүргізіліп жатыр. Штрафтарды көтеру мәселесіне қарсылық білдірушілер бар, сондықтан шешім әлі пысықталып жатыр, – деді Ертаев.
Сонымен қатар, Ертаев жұмыскерлерді өндірістік жарақаттан қорғау шараларын баяндады.
Біз қазір тәуекелге бағытталған тәсілді қолданудамыз. 95 мың кәсіпорынның жұмыс жағдайларын цифрлық карта арқылы мониторинг жасап жатырмыз. Сонымен қатар, қызметкерлерді қайта даярлау мен қауіпсіздік техникасын оқыту жұмыстары жүргізілуде. Қазір 175 кәсіпорынның қызметкерлері сақтандырылған. Сонымен бірге, мемлекеттік инспекторлар арқылы бақылау күшейтілуде, – деді бірінші вице-министр.