Жалақы мен зейнетақы қорғалады: Депутат жаңа ереже енгізілетінін айтты
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов банктердің азаматтардың шоттарын толық бұғаттауы заңсыз екенін айтып, бұл мәселе бойынша заңнамаға нақты өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат әлеуметтік желіде жариялаған видеосында айтқандай, қазіргі таңда шамамен 1,5 миллион адамның банктер алдында қарызы бар, ал қаржы ұйымдары бұл жағдайды пайдаланып, азаматтардың есепшоттарын 100 пайызға дейін бұғаттап отыр.
Депутаттың сөзінше, кеше заңсыз несие беруді тоқтатуға бағытталған заң қабылданғанымен, мәселе толық шешілмеген. Себебі бұған дейін банктер заңға өзгеріс енгізу арқылы сот орындаушылары, нотариустар немесе тікелей өздері азаматтардың шоттарын бұғаттауға мүмкіндік алған. Соның салдарынан адамдар жалақысын толық ала алмай, ресми жұмысқа тұрудан да қиналып отыр.
Мұрат Әбенов такси қызметінде жүрген азаматтардың өз есепшотын емес, туыстарының шотын пайдалануға мәжбүр болып жүргенін мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл – заңсыз әрекет, алайда банктердің толық бұғаттау тәжірибесі адамдарды осындай қадамға итермелеп отыр.
Осыған байланысты депутаттар шоттарды бұғаттауды 30 пайыздан асырмау туралы норманы заңмен бекітпек. Қалған 70 пайыз азаматтың өз қажеттіліктеріне – тамақ, отбасы шығындары, жанармай және күнделікті тұрмысқа жұмсауына қалуы тиіс. Ал банктердің шоттарды 100 пайызға бұғаттауы заңсыз деп танылады және бұл норма нақтылап заңға енгізіледі, – деп айтты депутат.
Сондай-ақ жеке сот орындаушыларының да азаматтардың шоттарын толық жабуға құқығы болмайды. Депутаттың айтуынша, бұл мәселе Әділет министрлігімен талқыланып, арнайы тәртіп әзірленіп жатыр. Енді азаматтың шоты бұғатталған жағдайда, ол туралы хабарлама жіберіліп, тек 30 пайызы ғана ұсталады. Бұл шара 10 күнге дейін қолданылады, осы уақыт ішінде банк қарыз алушымен байланысып, қаражаттың қандай табыс көзі екенін анықтауы тиіс.
Зейнетақы, жәрдемақы және алименттерге қатысты да өзгерістер жоспарланып отыр. Қазіргі таңда заң бойынша мұндай төлемдерден 25 пайыз ұсталады. Мұрат Әбенов бұл мөлшерді одан әрі төмендету немесе мүлде алып тастау жөнінде келіссөздер жүріп жатқанын айтты. Мақсат – банктердің пенсия мен әлеуметтік төлемдерден ақша ұстамауын қамтамасыз ету.
Сонымен қатар Ұлттық банкпен келіссөз нәтижесінде әр азаматтың жалақысын қолма-қол алуға құқығы бар екені нақтыланған. Алайда бұл мүмкіндікті көп адам білмейді. Осыған байланысты Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Енді қызметкер жұмыс берушіге өтініш жазып, жалақысын қолма-қол алуды талап ете алады. Бұл жағдайда банкке қарыз үшін жалақының тек 30 пайызы ғана ұсталады, ал қалған бөлігі толықтай азаматтың қолына беріледі. Қазіргі 50 пайыздық ұстау мөлшері 30 пайызға дейін төмендетіледі, – деді депутат Әбенов.
Тағы бір маңызды мәселе – банктердің несие шарттарына ұсақ әріппен енгізілетін талаптар. Қазір кейбір банктер келісімшартта қарыз алушының шотын 100 пайыз бұғаттауға рұқсат беретін тармақтарды көрсетеді. Бұл норма заңнан алынып тасталады. Енді шотты бұғаттау тек сот шешімі арқылы ғана жүзеге асырылуы тиіс. Ол үшін банк барлық құжатты жинап, сотқа жүгініп, өз талабын дәлелдеуі қажет.
Депутаттың айтуынша, кейбір банктер зейнеткерлерге де несие беріп, кейін зейнетақыны бұғаттау арқылы қарызды өндіруге тырысады. Бұл тәжірибеге де шектеу қойылады. Оның сөзінше, зейнеткерлерге несие беру – банктердің өз тәуекелі және олар зейнетақы есебінен қарызды өндірмеуі тиіс.
Ұсынылып отырған өзгерістердің нәтижесінде қарызы бар 1,5 миллионға жуық азаматтың есепшоты ашылып, ресми жұмыс істеуіне мүмкіндік туады. Банктер тек табыстың 30 пайызын ғана ұстауға құқылы болады, ал қалған қаражат азаматтардың өз игілігінде қалады.
Сондай-ақ Мұрат Әбенов банктерге қатысты бұл нормалар Конституцияға да енгізіліп жатқанын айтты. Онда әр азаматтың жұмыс істеуге және еңбекақысын толық алуға құқығы нақты көрсетілмек.