Жалақы дауы, артық жүктеме, басшылықпен келіспеушілік: Мұғалімдер енді арнайы орталыққа жүгіне алады
Қазақстанда педагогтерге арналған 1472 байланыс орталығы жақын арада іске қосылады.
Енді мұғалімдер жалақыны есептеу, еңбек жағдайы, әдістемелік қолдау және басшылықпен немесе ата-аналармен туындаған келіспеушіліктер бойынша кеңес алып, мәселелерін шешуге көмек сұрай алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, педагогтердің күнделікті жұмысында жедел шешуді қажет ететін мәселелер аз емес. Алайда кейде мұғалімдер өтінішіне жауап алу үшін айлап күтуге, бірнеше рет сұрау салуға немесе түрлі мекемелерге жүгінуге мәжбүр болады.
Біздің міндетіміз – осы тәртіпті өзгерту. Әрбір педагог 1472 нөміріне қоңырау шалу арқылы қажетті кеңес пен мәселелерін шешуге көмек ала алады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Байланыс орталығы Ustaz платформасы жанынан ашылған. Мұнда педагогтер еңбек қатынастары мен еңбек жағдайы, жалақы және қосымша жүктемелердің есептелуі, әдістемелік қолдау, сондай-ақ басшылармен немесе ата-аналармен туындаған келіспеушіліктер бойынша өтініш білдіре алады.
Министрдің сөзінше, өтініштер педагогтердің құқықтары мен жеке мәліметтерінің құпиялылығы сақтала отырып қабылданады. Орталықты ашудағы басты мақсат – әр мұғалімнің өтінішін дер кезінде қарап, мәселенің нақты шешімін табуға көмектесу.
Педагогтердің құқықтары мен қадір-қасиетін, беделі мен абыройын қорғау, лайықты еңбек жағдайын жасау – білім беру жүйесінің тікелей міндеті, – деп атап өтті министр.
Қазіргі уақытта байланыс орталығы осы және келесі аптада сынақ режимінде жұмыс істейді. Осы кезеңде өтініштерді қабылдау және қарау тәртібі тексеріліп, анықталған техникалық ақаулар жедел түзетіледі. Орталық толық іске қосылғаннан кейін педагогтер қажетті кеңес пен көмекті кедергісіз ала алады.